Қазақстанда Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының оқу орталығы ашылуы мүмкін
ҚР Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев бастаған қазақстандық делегация Женевада Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Бас директоры Дарен Тангпен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында қазақстандық тарап елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі бағыттарын таныстырып, зияткерлік меншіктің технологиялық даму, креативті экономиканы ілгерілету және халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттырудағы маңызына тоқталды.
Тараптар Қазақстанда ДЗМҰ-ның Оқу орталығын құру жөніндегі ниеттер туралы хаттарға қол қойды. Бұл бастама зияткерлік меншік саласындағы мамандарды даярлау мүмкіндігін кеңейтіп, мемлекеттік қызметшілердің, судьялардың, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, бизнес және ғылыми қауымдастық өкілдерінің біліктілігін арттыруға жол ашады. Сонымен қатар Қазақстанның осы саладағы өңірлік құзырет орталығы ретіндегі әлеуетін күшейтуге ықпал етеді.
Кездесуде биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында алғаш рет зияткерлік меншіктің заңмен қорғалатыны туралы норма бекітілгені де аталып өтті. Бұл қадам зияткерлік меншік институтын нығайтып, оны инновациялық, цифрлық және креативті экономиканың маңызды құрамдас бөлігі ретінде дамытуға бағытталған.
Сапар аясында Ерлан Сәрсембаев Лозанна қаласында өткен ДЗМҰ-ның жоғары деңгейдегі бейресми саяси диалогына да қатысты. «Көпір салушылар: инновациялар мен шығармашылық – болашақ қоғамдардың қозғаушы күші» тақырыбындағы жиынға түрлі елдердің министрлері мен салалық ведомстволарының басшылары қатысты.

Іс-шара барысында қазақстандық атақты велошабандоз, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Александр Винокуров қолтаңба қойған веложейде Халықаралық Олимпиада комитетінің Олимпиада музейіне табысталды. Бұл Қазақстанның спорттық жетістіктерін халықаралық деңгейде дәріптеудің және спорт, шығармашылық пен зияткерлік меншіктің өзара байланысын айшықтайтын символдық қадам ретінде бағаланды.

Кездесулер қорытындысында тараптар зияткерлік меншік жүйесін дамыту, инновациялар мен креативті индустрияларды қолдау, сондай-ақ Қазақстан мен ДЗМҰ арасындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейілді екенін растады.
Бұған дейін Конституциялық Сот бірқатар лауазымды тұлғаны қайта тағайындауға қатысты норманы қолдану тәртібін түсіндіргенін жазған болатынбыз.