Ақтөбе қаласында өткен «Ғалам сенің қолыңда» ІІІ Республикалық астрономиялық олимпиадада Астана қаласының №82 «Дарын» мамандандырылған лицейінің оқушылары жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындармен оралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Олимпиадаға еліміздің үздік жас зерттеушілері, физика мен астрономияға қызығушылығы бар оқушылар қатысты. Астана қаласының намысын қорғаған «Дарын» лицейінің командасы мықты дайындықтың арқасында бірнеше жүлдені иеленді. Оразбек Томирис І орынды, Кулжамбек Алдияр ІІІ орынды еншілесе, Шаймерден Алдияр мен Тайболат Нұрәділ белсенді қатысқаны үшін марапатталды.

Лицей директоры Болат Мунбаев оқушыларды құттықтап, олардың табысына үлес қосқан мұғалімдерге алғысын білдірді.
«Бұл жеңіс – тек оқушылардың емес, бүкіл ұжымның еңбегінің нәтижесі. Балаға бағыт берген, ғылыми қызығушылығын оятқан ұстаздардың еңбегі зор. Лицейіміз ғылымға құштар, ізденімпаз жастарды қолдауды жалғастыра береді», – деді ол.
Білім ошағы педагогтардың еңбегін жоғары бағалап, жетістіктерге байланысты республикалық олимпиадаға дайындаған физика пәні мұғалімі мен «Менің кіші Отаным» республикалық байқауында 3-орын алған Жұмагүл Жүнісбекқызына арнайы сыйлықтар табыс етілді.
