Емханаларда даму ерекшелігі бар балаларға ерте жастан көмек көрсететін 290 орталық ашылды
2025 жылы елімізде даму кемістігі бар балаларды ерте анықтау және сүйемелдеу жүйесі айтарлықтай нығайтылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өмірдің алғашқы айларынан бастап дамуының бұзылу қаупі бар балаларды ерте диагностикалауға, араласуға және кешенді қолдауға бағытталған педиатриялық көмек стандарты жаңартылды.
«Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету ұйымдарының базасында 290 ерте даму және араласу орталығы ашылды, сондай-ақ 139 педиатриялық бөлімше құрылды. ЮНИСЕФ қолдауымен жас балалардың дамуын бақылау бойынша GMCD нұсқаулығы енгізіліп жатыр. 18 мастер-жаттықтырушы оқытылды. Барлық өңірлерде көмектің сапасын арттыру үшін патронаждық бақылаудың әмбебап прогрессивті моделі және балалар жасындағы ауруларды интеграцияланған басқару бойынша оқу-әдістемелік орталықтар құрылды», - делінген министрлік хабарламасында.
Тұрақты оқыту бағдарламаларын, журнал клубын және шала туған балаларды күту бойынша неонаталдық мейіргерлерді апта сайын оқытуды қоса алғанда, мамандарды кәсіби қолдаудың бірыңғай жүйесі қалыптастырылды.
Ерте күтімнің кешенді дамуы нәресте өлімінің төмендеуінің және елдегі балалардың өмір сүруінің өсуінің негізгі факторларының біріне айналды.
Еске салайық, бұдан бұрын Қазақстанда Тәуелсіздік күні 725 сәби дүниеге келгені туралы хабарладық.