Елордада «Аулалардағы қабылдау» акциясы қорытындыланды
Астанада халықпен ашық әрі тікелей байланыс орнатуға бағытталған «Аулалардағы қабылдау» республикалық профилактикалық акциясы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Акцияның басты мақсаты – тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелерді бірлесіп талқылау және оларды шешудің нақты жолдарын айқындау.
«Бір апта ішінде Астана қаласының Полиция департаменті басшылығы, аудандық полиция басқармалары, учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция және басқа да қызметтердің өкілдері тұрғын үйлердің аулаларында көшпелі қабылдаулар өткізіп, азаматтармен бетпе-бет кездесті.
Акция қорытындысы бойынша 150-ден астам кездесу ұйымдастырылып, 3 мыңға жуық тұрғын қамтылды. Кездесулер барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді тікелей полиция өкілдеріне жеткізіп, заң аясында кеңес алды», - делінген хабарламада.
Азаматтардың басым бөлігі көтерген сұрақтар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, түнгі уақытта тыныштықты бұзу фактілері, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, ойын-сауық орындары мен дәмханалардан шығатын шу, көшелер мен аулаларды патрульдеу, жол қозғалысы қауіпсіздігі, автокөліктерді ретсіз қою, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі және көршілер арасындағы тұрмыстық даулардың алдын алу мәселелеріне қатысты болды. Әрбір көтерілген мәселе мұқият қаралып, азаматтардың сұрақтарына жан-жақты жауап берілді.
«Аулалардағы қабылдау» акциясы полиция мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтып, ашық диалог орнатудың тиімді алаңына айналды. Мұндай кездесулер тұрғындардың пікірін ескеруге, құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын жетілдіруге және елордадағы қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Астана қаласының Полиция департаменті тұрғындармен тұрақты кері байланысты жалғастырып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізе береді.