Референдум-2026

Елордада адам саудасына қарсы «Run for Liberty» жүгіру жарысы өтті

Бүгін, 16:13
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордада адам саудасына қарсы «Run for Liberty» жүгіру жарысы өтті
Фото: instagram.com/police__astana/видео скрині

30 шілдеде атап өтілетін Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күніне орай елордада «Run for Liberty» атты ауқымды бұқаралық жүгіру жарысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап.

Іс-шараны Астана қаласы полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Адам саудасы мәселесіне қоғам назарын аудару және еркіндік, қауіпсіздік пен адам құқықтарын қорғау құндылықтарын дәріптеу мақсатында өткен шараға шамамен 2 мың адам қатысты. Олардың қатарында полиция қызметкерлері, кәсіби спортшылар, әуесқой жүгірушілер, еріктілер, шетелдік қонақтар, блогерлер және қала тұрғындары болды. Жүгіру жарысына Индонезияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мохамад Фаджрул Рахман мен Катар мемлекетінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Абдалла бен Хусейн Джабер де қатысты. 

Іс-шараның басты ұраны – «Мен адам саудасына қарсымын!». Қатысушылар өз үлгілері арқылы адам саудасына қарсы күрес – тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін көрсетті.

Жарыс басталар алдында танымал жаттықтырушы Айтым Жақыпов қатысушыларға арнайы дене қыздыру жаттығуын өткізді. Сондай-ақ іс-шара аясында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, 10 велосипед ойнатылды. Қатысушылар мен жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табысталды.

«Бұл жүгіру жарысының негізгі мақсаты – азаматтардың адам саудасы мәселесі туралы хабардарлығын арттыру, адамды қанаудың кез келген түріне төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру және салауатты өмір салтын насихаттау», – деді Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы полиция полковнигі Дулат Жұмағұлов.

Астана қаласының полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға, өз құқықтарын білуге және адам саудасына қатысты ықтимал фактілерге бейжай қарамауға шақырды. Сондай-ақ, аталмыш деректер белгілі болған жағдайда, дереу құқық қорғау органдарына хабарлау қажет екенін ескертті.

Еске салсақ, Астанада адам саудасына қарсы күреске арналған RUN FOR LIBERTY жаппай жүгіру жарысы өтетінін жаздық.