Жыл басынан бері Астанада тыныштықты бұзу бойынша 40 мыңнан астам құқық бұзушылық дерегі тіркелген. Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету бойынша тәртіп сақшылары профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Құқық бұзушылар қатарында пәтерлерінде музыка дыбысын қатты шығарғандар, көлік ішінен дыбыс күшейткіштер арқылы әуен қосқандар, түнгі уақытта құрылыс немесе жөндеу жұмыстарын жүргізгендер бар.
Мәселен, көпқабатты үйдің тұрғыны бірнеше рет ескерту алғанына қарамастан, түнгі сағат 01:00-де үйінде музыка дыбысын қатты шығарып, көршілердің тыныштығын бұзған. Оқиға орнына барған учаскелік полиция инспекторлары тарапынан тиісті шаралар қабылданды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар қала ішіндегі аудандар бойынша тәртіп сақшыларының қатысуымен жедел алдын алу іс-шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Қоғамдық тәртіпті бұзушыларға қатысты құқықтық түсіндіру жұмыстары да қатар жүргізілуде.
Полиция қала тұрғындары мен қонақтарын тыныштық сақтау ережелерін қатаң ұстануға шақырады. Әсіресе, көпқабатты үйлерде тұратын азаматтардың көршілеріне құрметпен қарап, дауыс деңгейін бақылауда ұстауы – өзара сыйластықтың белгісі. Тыныштық – бұл жай ғана заң талабы емес, бұл әрбір адамның демалуына, жұмыс істеуіне және денсаулығына қажетті жағдай.