Баспасөз туры: Астанадағы LRT жүйесінің барлық стансалары мен пойыздары тексерілді
Астанада LRT нысандары бойынша баспасөз туры өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz «City Transportation Systems» ЖШС-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз турында БАҚ өкілдері LRT жүйесінің толықтай дайын екеніне көз жеткізді. Журналистер «Әуежай», «Астана Арена», «Бәйтерек» және «Нұрлы жол» секілді негізгі стансаларда болып, Бірыңғай диспетчерлік орталықтың жұмысымен, сондай-ақ, жолаушының турникеттен өтіп, билетті қалай алатынынан бастап, пойызға отырғанға дейінгі барлық процесспен танысты. Олар жол жүру барысында автоматтандырылған жүйелердің жұмысы мен тосын жағдайда операторлардың қалай әрекет ететіні жайлы мәлімет алды. Жолақысын төлеудің қолайлы тәсілдері мен қауіпсіздік жүйесіне ерекше көңіл бөлініп, елордалық жеңіл рельсті көліктің жоғары технологиялық сенімді жүйе екені көрсетілді.
Журналистерге арналған баспасөз турында «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев LRT жүйесінің барлық сынақтан сәтті өткенін мәлімдеді.
«Мамандар рельстер, стансалар, жылжымалы құрам, байланыс желілері, басқару және қауіпсіздік жүйелерінің жұмысын тексерді. Сондай-ақ, қалыптан тыс жағдайда көрсетілетін іс-әрекеттер де толықтай пысықталды. Бұл жолаушылар қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етеді», - деді Асылбек Дүйсебаев.

LRT жолақысы 200 теңгені құрайды, ал жеңілдік санатындағы азаматтар үшін тегін болады. Жол ақысын банк және көлік картасы, QR, Apple Pay, Samsung Pay немесе Face Pay жүйесі арқылы кез-келген ыңғайлы тәсілмен төлеуге болады. Сонымен қатар, билеттер кассалар мен автоматтарда қолма-қол ақшаға да сатылады. Алғашқы кезеңде LRT төлем жүйесі автономды түрде жұмыс істейді, кейін ол қалалық автобустардың бірыңғай төлем жүйесімен біріктіріледі.
LRT құрамының әрқайсысы 600-ден астам жолаушыны тасымалдауға арналған. Пойыздар жүргізушісіз режимде қатынайды: басқару, жылдамдықты арттыру, тежеу және есіктерді ашу процестері, сондай-ақ, төтенше жағдайлардағы іс-әрекеттер толықтай автоматтандырылған. Жүйені қосымша бақылау үшін, қолмен басқару әрі диспетчермен байланыс жасау мүмкіндігі қарастырылған.

Ұзындығы 22,4 шақырымды құрайтын LRT желісінде 15 пойыз құрамы қатынайды (қалған 4 құрам резервте). Жоба аясында 18 станса мен заманауи депо салынған. Маршруттың бір шетінен екінші шетіне дейінгі жол шамамен 40 минутты алады. Пойыздардың орташа қозғалыс жылдамдығы сағатына 50-60 шақырымды, ал ең жоғары жылдамдығы 80 шақырымды құрайды. Қозғалыс интервалы - 5-6 минут.
LRT пойыздары барынша тыныш әрі дірілсіз қозғалады. Мұны біртұтас рельстер, жоғары деңгейде оқшауланған вагондар мен арнайы резеңкелі доңғалақтар қамтамасыз етеді.
«LRT жүйесі – Астана климатына, әсіресе, өте төмен температураларға бейімделген заманауи әрі қауіпсіз көлік. Жоба GoA4 (Grade of Automation 4) технологиясына негізделген. Бұл – халықаралық жіктеу бойынша автоматтандырудың ең жоғары, төртінші деңгейі, ол жүйенің сенімді түрде жұмыс істеуін қамтамасыз етеді», - деді «City Transportation Systems» ЖШС компаниясының басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев.

Қазір эстакада бойында абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр, депода техникалық жұмыстар аяқталуға жақын, ал стансалардың іші жаппай тазалануда. Бұл шаралар жүйені іске қосу мерзіміне әсер етпейді. Жақын арада желіде сырлау жұмыстары аяқталады. Инфрақұрылым толықтай дайын. Эстакаданың дренаж жүйесі іске қосылған, ал қыс мезгілінде жүйенің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін, арнайы қар тазалау техникасы пайдаланылады.


Еске салсақ, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек LRT-ның сынақ жұмыстары аяқталып, жүйе толық пайдалануға дайын екенін айтқан болатын.