Астаналық полицейлер бетонды төгіп жатқан жүргізушіні дронның көмегімен анықтады – ВИДЕО
Астанада полиция дронның көмегімен заңсыз бетон қалдықтарын төккен жүк көліктерінің жүргізушілерін анықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астана полициясы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қаладағы абаттандыру ережелерін бұзу фактілерін анықтау мен алдын алу, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен санитарлық жағдайды қамтамасыз ету бағытында кешенді іс-шаралар өткізуде.
«Акция басталғаннан бері полиция қызметкерлері абаттандыру саласында 69 мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтап, тоқтатты. Экологиялық талаптарды сақтамағаны үшін 698 жүк көлігі және 213 ассенизаторлық көлік жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бақылаудың тиімділігін арттыру үшін заманауи техникалық құралдар, соның ішінде дрондар белсенді түрде қолданылады. Дрондарды пайдалану арқылы қала аумағын нақты уақыт режимінде бақылауға алып, қолжетімсіз жерлердегі бұзушылықтарды анықтау және заңсыз әрекеттерге жылдам әрекет ету мүмкіндігі бар», - делінген хабарламада.
Мысалы, дронның бір ұшуында С655 көшесінде жүк көліктерінің жүргізушілері заңсыз бетон қалдықтарын төккені анықталды. Аталған деректер бойынша екі құқық бұзушы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жоғары технологияларды қолдану полиция жұмысының тиімділігін арттырып, қалада тазалық, тәртіп және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Елорда полициясы қала тұрғындары мен қонақтарын заң талаптарын, абаттандыру ережелерін және қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады. Заманауи техникалық құралдар кез келген уақытта және кез келген жерде құқық бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Астанада «Таза Қазақстан» республикалық жобасының 2025 жылғы қорытындысы жарияланған болатын.