Астанадан жаңа халықаралық бағыттар ашылады: қай елдерге тікелей ұшуға болады
Алдағы туристік маусымда Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы жолаушылар үшін бірнеше жаңа халықаралық бағыт ашылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа рейстерді қазақстандық әуе компаниялары жүзеге асырады. Атап айтқанда:
– Air Astana әуе компаниясы Гуанчжоу, Даламан және Ларнака бағыттарына рейстер ашады;
– FlyArystan Құлжа (Инин) мен Ыстықкөлге тікелей әуе қатынасын іске қосады;
– SCAT Airlines Ұлан-Батыр бағыты бойынша жаңа рейс орындайды.
Әуежайдың мәліметінше, жаңа бағыттардың ашылуы халықаралық әуе қатынасының географиясын кеңейтіп, жолаушыларға саяхаттау үшін қосымша мүмкіндік береді.
Сондай-ақ бұл бастама туристік байланыстарды дамытуға, демалыс бағыттарының санын арттыруға және елорда тұрғындары мен қонақтары үшін халықаралық сапарларды қолжетімді етуге ықпал етеді.
Жазғы маусымда Астанадан ұшатын бағыттар санының артуы жолаушылар ағынын көбейтіп, өңірдің авиациялық әлеуетін нығайта түспек.
Естеріңізге кетейік, биыл көктемде Астана әуежайы Орталық Азия және ТМД-ның үздік өңірлік әуежайы атанған болатын.