Астанада Phygital Contenders Astana 2026 халықаралық турниріне дайындық барысы таныстырылды
Елордада «Болашақ ойындары 2026» халықаралық мультиспорттық турнирі қарсаңында өтетін Phygital Contenders Astana 2026 жарысына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиын барысында ұйымдастырушылар алдағы додаға дайындық жұмысы, қатысушылар құрамы, іріктеу кезеңінің ерекшелігі және Қазақстанның әлемдік фиджитал спортындағы орны туралы кеңінен баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Phygital Contenders Astana 2026 – «Болашақ ойындары 2026» алдындағы шешуші халықаралық іріктеу кезеңінің бірі. Биыл жазда Астана әлемнің 50-ден астам елінен келетін 800-ге жуық спортшы мен халықаралық клуб өкілдерін қабылдайды. Бірнеше күнге созылатын бәсекеде фиджитал футбол, фиджитал баскетбол және фиджитал би бағыттары бойынша үздіктер анықталып, ең мықты спортшылар басты турнирге жолдама алады.
«Бүгін Астанада Phygital Contenders Astana 2026 халықаралық турнирі бастау алды. Бұл «Болашақ ойындары 2026» қарсаңындағы ең маңызды әрі ең тартысты іріктеу кезеңі. Елордамыз биыл 23 шілде мен 9 тамыз аралығында өтетін «Болашақ ойындарын» қабылдайды. Осы жазда Астанаға әлемнің 50-ден астам елінен 800-ге жуық халықаралық клубтың өкілдері келеді. Ал бүгін басталған Phygital Contenders турнирінде қатысушылар басты додаға берілетін жолдамалар үшін бақ сынайды. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 21 ақпанда Қазан қаласында өткен «Болашақ ойындарының» ашылу салтанатында жариялаған болатын. Ал 2025 жылғы 17–23 желтоқсан аралығында Әбу-Дабиде өткен турнирдің сәтті ұйымдастырылуынан кейін эстафета ресми түрде Қазақстанға жолданды», – деді ҚР Туризм және спорт министрлігі жанындағы Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов.

Жиында сөз алған Phygital International ұйымының халықаралық маркетинг және коммуникациялар жөніндегі директоры Джон Хьюитт Қазақстанда өтіп жатқан іріктеу кезеңінің халықаралық фиджитал қауымдастығы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, Phygital Contenders Astana 2026 – еліміздегі алғашқы халықаралық фиджитал жарысы ғана емес, сонымен қатар жаңа форматтағы спорттың даму бағытын айқындайтын маңызды алаң.
«Phygital Contenders Astana 2026 – Қазақстандағы фиджитал спорт тарихындағы алғашқы халықаралық жарыс әрі «Болашақ ойындары 2026»-ға бастар шешуші кезең. Біз фиджитал спорттың болашағы физикалық және цифрлық әлемнің үздік мүмкіндіктерін біріктіруде деп сенеміз. Бүгінде бұл бағыт әлемнің 100-ден астам елінде қарқынды дамып келеді және оның ауқымы жылдан-жылға кеңейіп жатыр. Осы аптада Астана әлемдік фиджитал қауымдастығының басты назарындағы қалаға айналды. Мұнда жиналған спортшылар мен клубтар тек жолдама үшін ғана емес, спорт, технология және инновация тоғысқан жаңа жаһандық қозғалыстың бір бөлігі ретінде бақ сынайды. Әлемнің назары қазір Қазақстанға ауып отыр және бұл ел мақтан тұтатын үлкен жетістік. Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін. Алдағы жарыстар жоғары деңгейде өтіп, ең мықты командалар мен спортшылар «Болашақ ойындары 2026» турниріне жолдама алады деп сенемін», – деді Джон Хьюитт.
Өз кезегінде «Қазспортинвест» АҚ спорттық іс-шаралар бөлімінің басшысы Ержан Шакеев ұйымдастыру жұмыстары бірнеше ай бұрын басталғанын және қазіргі таңда барлық жауапты қызметтің толық дайын екенін жеткізді.
«Бұл турнир біз үшін жай ғана халықаралық жарыс емес, алдағы «Болашақ ойындары 2026»-ға дайындықтың маңызды кезеңі. Қазіргі таңда барлық ұйымдастыру қызметі толық дайын. Инфрақұрылымның жұмысы тексеріліп, қауіпсіздік, медицина, төтенше жағдайлар қызметі және басқа да жауапты құрылымдардың дайындығы пысықталды. Phygital Contenders халықаралық іріктеу жүйесінің үшінші кезеңі болып саналады және ұйымдастырылу деңгейі жағынан «Болашақ ойындарына» барынша жақындатылған. Барлық команда Астанаға келіп, қонақүйлерге сәтті орналастырылды. Логистика, визалық мәселелер мен қатысушыларды қабылдауға қатысты жұмыстар толық орындалды. Бүгін жарыстың алғашқы күні басталып отыр. Алайда біздің жұмысымыз бұған дейін-ақ басталған. Қатысушылар барлық нысандарда дайындықтан өтіп, инфрақұрылым толық сынақтан өткізілді. Phygital Contenders Astana 2026 жоғары ұйымдастыру деңгейінде өтеді деп сенеміз», – деді «Қазспортинвест» АҚ спорттық іс-шаралар бөлімінің бастығы Ержан Шакеев.
Phygital Contenders Astana 2026 жеңімпаздары мен үздік қатысушылары жазда Астанада өтетін «Болашақ ойындары 2026» халықаралық мультиспорттық турниріне жолдама алып, әлемнің ең үздік фиджитал спортшыларымен күш сынасу мүмкіндігіне ие болады.