Референдум-2026

Астана күні: журналистердің елорда туралы үздік шығармалар байқауы қорытындыланды

Астана күні: журналистердің елорда туралы үздік шығармалар байқауы қорытындыланды
Фото: Сұлтан Сейіт

Әр қазақтың жүрегі Астана дегенде ерекше атқақтайтыны аян. Әлемді аузына қаратқан саяси орталығымыз сән-cалтанатымен ғана емес, әлеуметтік-экономикалық күш-қуатымен да көңіл марқайтады. Ал осы елордамыздың жыл санап емес, күн санап дамуы, ең алдымен, журналистердің қалтқысыз назарында. Осы БАҚ өкілдері бағын сынайтын жыл сайынғы дәстүрге айналған журналистер байқауы қорытындысы - олардың қаламынан төгіліп, бейнетаспаға өріліп, фотообъективте тарих боп қалып қоятын үздік туындыларының жұлдызы жарқырайтын сәті. Бүгін Wyndham Garden Astana қонақүйінде кезекті БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі мен Астана күніне орай журналистер арасындағы жыл сайынғы байқаудың жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Байқауға еліміздің журналистері, блогерлері мен мобилографтары қатысып, Астананың дамуы, ел өміріндегі маңызды оқиғалар мен жетістіктерді кеңінен насихаттаған 150-ден астам жұмыс ұсынылған. Конкурстық комиссия келіп түскен материалдардың ішінен 28 үздік жұмысты іріктеп, тоғыз номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады. Ал биылғы байқаудың ерекшелігі -  жасанды интеллект көмегімен әзірленген видеоға қатысты номинацияның қосылуы. 

Салтанатты жиынға сегізінші шақырылымдағы Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, танымал тележүргізуші, қоғам қайраткері Дана Нұржігіт, Астана қаласы мәслихатының депутаттары Қанат Естек, Ғабит Тәжімұратов, Талғат Дүйсеков және басқа да құрметті қонақтар қатысты. 

Салтанатты кешті Астана қаласының Ішкі саясат басқармасы басшысы Мирас Абдрахман ашып, аталған байқаудың елорда өміріндегі маңызын айта келе, бас қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын өз жұмыстарында жан-жақты көрсете білген БАҚ өкілдерін мерейлі күнімен құттықтап, толағай шығармашылық табыс тіледі. 

Кештің қадірлі қонағының бірі – сегізінші шақырылым Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай өзінің журналистік және депутаттық жолының елорданың бой түзеп, дамуымен етене байланысын естелікпен өрді. 

«Мен үшін бұл шараның орны ерекше. Өйткені мен – Астана қаласынан сайланған Сенат депутаты ретінде елорданың әрбір жетістігін өзімнің азаматтық әрі депутаттық жауапкершілігіммен байланыстырамын.

Астана – жай ғана қала емес. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның арманы жүзеге асқан мекен. Бұл – мемлекетіміздің жүрегі. Бұл – еліміздің ертеңіне деген сенімнің символы.

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, «Астана – еліміздің жүрегі әрі болашаққа бастайтын стратегиялық бағдарымыз». Сондықтан елорданың әрбір жетістігі – барша қазақстандықтың ортақ жетістігі. Ал сол жетістіктерді халыққа жеткізіп, қоғамның жадында қалдыратын – журналистер.

Бүгін марапат алып отырған әрқайсыңыз жай ғана ақпарат таратқан жоқсыздар. Сіздер Астананың жылнамасын жазып жүрсіздер. Ертең тарихшылар бүгінгі күнді зерттегенде, осы қаланың қалай өсіп, қалай өзгергенін сіздердің материалдарыңыздан оқиды. Сондықтан журналистің қаламы – уақыттың куәгері.

Бүгінгі байқауға 150-ден астам материалдың ұсынылуы – елорданың тыныс-тіршілігіне деген үлкен қызығушылықтың белгісі. Әсіресе, биыл алғаш рет жасанды интеллект көмегімен жасалған бейнероликтерге арналған арнайы номинацияның енгізілуі ақпарат кеңістігінің жаңа дәуірге қадам басқанын көрсетеді», – деген Бибігүл Жексенбай алғашқы номинация иегерлерін марапаттады. 

Бұдан соң танымал тележүргізуші, қоғам қайраткері Дана Нұржігіт сөз алды. 

«Әр таңымыз Астана деп атып, өзіміздің өмір жолымыз тарихқа айналғанын байқамай қалыппыз. Астананың әр талының бой түзегенін сәт сайын тамашалап жүріп, бас қаламыздың мәуелі бәйтеректей жайқалғанын көріп отырмыз. Содан бері 28 жыл өтіпті. Өзіміздің хрониканы, тарихты жазатын тілшілер екенімізді аңғармай қалатын жайымыз бар. Сондықтан сіздерге қажырлы еңбекте қайрат, қуат берсін дегім келеді. Астанамыз жайнай берсін!», – деді Дана Нұржігіт. 

Журналистерді Астана қаласы мәслихатының депутаттары да құттықтады. 

«Журналистер – Астананың Астана болуына үлкен үлес қосып келе жатқан мамандардың бірі. Елорданың жақсылығын да, әлі де жұмыстануды талап ететін тұстарын да көрсетіп отыратын – тілшілер. Ал БАҚ-та жарияланған материалдар Мемлекет басшысына дейін жетіп отыратыны белгілі. Осы жағынан да тілшілер Астананың одан сайын дамуына, көркеюіне үлес қосады. Журналистер ісі - кәсіби шеберлік қана емес, қоғамның дамуына үлес қосуымен де құнды деп есептеймін», – деген Астана қаласы мәслихатының депутаты Ғабит Тәжімұратов журналистерді құттықтап, мәслихат әрдайым БАҚ қызметкерлерімен қоян-қолтық қызмет етіп, қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. 

Байқауда Elorda Aqparat медиахолдингіне қарасты «Астана ақшамы» газеті, Elorda info сайты тілшілері мен фототілшісі де топ жарды. «Үздік журналист-сарапшы» номинациясында үшінші орын «Астана ақшамы» газетінің шолушысы Қалиакбар Ағыланға, «Үздік фоторепортаж» номинациясында үшінші орын Elorda info ақпараттық сайтының тілшісі Салтанат Жакуповаға, екінші орын «Астана ақшамы» газетінің фототілшісі Сұлтанбай Сейітовке бұйырды. 

Елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуын, қоғамдық өмірін және оң өзгерістерін кәсіби әрі сапалы насихаттап жүрген журналистер мен медиа саласы өкілдерін қолдауға бағытталған байқауда бірінші орын үшін 1 миллион теңге, екінші орын үшін 700 мың теңге, ал үшінші орын үшін 500 мың теңге көлемінде ақшалай сертификаттар табысталды.