10 келіден астам гашиш: Алматыда аса ірі көлемде есірткі жеткізу арнасының жолы кесілді

Бүгін, 14:53
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
10 келіден астам гашиш: Алматыда аса ірі көлемде есірткі жеткізу арнасының жолы кесілді
Фото: ҚР Ішкі істер министрлігі

Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында каннабистік топқа тиесілі есірткі заттарын аса ірі көлемде тасымалдаумен, сақтаумен және өткізумен айналысқан қылмыстық әрекетті тоқтатты, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап. 

Арнайы операция нәтижесінде заңсыз айналымнан 10 келіден астам гашиш тәркіленді. Есірткі құралдары еліміздің басқа өңірінен Алматы қаласына жеткізіліп, мегаполис аумағында таратылуы жоспарланған.

Аталған дерек бойынша күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.

«Бұл нәтижелер полицияның есірткі жеткізу арналарының жолын кесуге бағытталған жүйелі әрі жоспарлы жұмысының айғағы. Біздің басты мақсатымыз – тыйым салынған заттардың жастар мен қала тұрғындары арасында таралуына жол бермеу. Бұл бағыттағы жұмыс мемлекет басшылығы айқындаған профилактикалық басымдықтар мен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында алдағы уақытта да жалғасын табады», — деді Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.