Жер орбитасынан сәлем: «Роскосмос» ғарышкерлері қазақстандық ТЖМ қызметкерлерін құттықтады

Жер орбитасынан сәлем: «Роскосмос» ғарышкерлері қазақстандық ТЖМ қызметкерлерін құттықтады
Фото: ҚР ТЖМ

Биыл Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толды. Айтулы датаға орай ведомствоның қызметкерлері мен ардагерлерін «Роскосмос» ғарышкерлері Жер орбитасынан – Халықаралық ғарыш станциясының бортынан құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құттықтау сөздерін жолдаған Халықаралық ғарыш станциясы экипажының құрамында болған «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының ғарышкерлері Сергей Кудь-Сверчков, Сергей Микаев, Олег Платонов өз үндеулерінде қазақстандық құтқарушыларға олардың ержүрек әрі жанқиярлық еңбегі үшін құрмет пен алғысын білдірді.

«Құрметті Қазақстан Республикасы ТЖМ-нің қызметкерлері мен ардагерлері!

Біз, «Роскосмос» ғарышкерлері – Сергей Кудь-Сверчков, Сергей Микаев және Олег Платонов, сіздерге Халықаралық ғарыш станциясының бортынан сәлем жолдаймыз.

Сіздерді Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтаймыз. Сіздердің қызметтеріңіз – ерлік, жанқиярлық және парызға адалдықтың айқын көрінісі. Күн сайын адамдардың өмірін құтқарып, халықты түрлі апаттардан қорғап келесіздер. Сіздер бірлік пен рух күшінің үлгісісіздер. Сіздерге амандық, игілік және жаңа жетістіктер тілейміз. Мерекелеріңізбен!» – делінген құттықтау мәтінінде.

Халықаралық ғарыш станциясынан жолданған құттықтау Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі құтқарушыларының күнделікті еңбегіне көрсетілген қолдау мен құрметтің символына айналды.

Бұған дейін ТЖМ биік ғимараттардағы өрт кезінде эвакуациялау ережелерін түсіндіргенін жазған едік.