Ақтөбеде ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындары өтеді
Ақтөбе қаласы еліміздің әр өңірінен барған жас спортшылардың басын қосатын Ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындарын қабылдайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
16-23 қыркүйек аралығында өтетін республикалық жарысқа еліміздің 17 облысынан 2 500 спортшы қатысады.
Ауыл жасөспірімдерінің жазғы ойындары – ауыл жасөспірімдері арасында өткізілетін республикалық деңгейдегі кешенді спорттық жарыс.
Оның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамыту, ауылдық жерлердегі дарынды спортшыларды анықтау, олардың шеберлігін арттыру және еліміздің спорт резервін қалыптастыру.
Қатысушылар 10 спорт түрінен сынға түседі: асық ату, 3×3 баскетбол, волейбол, грек-рим күресі, дзюдо, еркін күрес, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, үстел теннисі және футзал.
Ауыл жасөспірімдерінің жазғы ойындары жас спортшыларға республикалық деңгейде өз мүмкіндіктерін көрсетуге, жарыс тәжірибесін жинақтауға және спорттық шеберлігін шыңдауға мүмкіндік береді.
Өтетін орны: «Мұз айдыны» облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі (О.Тәтеұлы көшесі, 1).