Астанада мас күйінде рөлге отырған екі жүргізуші жауапқа тартылды
Астана қаласының полицейлері демалыс күндері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күшейтілген режимде қызмет атқарды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Рейд-профилактика шарасы барысында көлікті мас күйінде басқарған 48 жүргізуші анықталды. Құқық бұзушылардың барлығына қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Солардың бірі – Сарыарқа даңғылында Mercedes-Benz 200 маркалы автокөлікті басқарған 43 жастағы жүргізуші. Тексеру барысында оның мас күйінде көлік басқарғаны анықталды.
Тағы бір факт Б.Соқпақбаев көшесінде тіркелді. Мұнда патрульдік полиция қызметкерлері Changan маркалы автокөлікті басқарған 51 жастағы жүргізушіні анықтады. Медициналық куәландыру оның мас күйінде болғанын көрсетті.
Аталған фактілер бойынша жүргізушілерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар жол жүрісі қағидаларының талаптарын бұзғаны үшін тиісті шаралар қабылданды.
Құқық бұзушылық жасағандардың көліктері коммуналдық мамандандырылған тұраққа орналастырылды.
Еске салсақ, Астанада тұрақ жүйесі өзгерді, сонымен қатар ақы төлейтін жүйедегі мекеме атауы да ауысты.