ЭЫДҰ: Қазақстанның ресми статистикасы озық халықаралық тәжірибеге толықтай дерлік сәйкес келеді
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне жүргізілген тереңдетілген шолу нәтижелері бойынша қорытынды есепті жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
ЭЫДҰ сарапшыларының бағалауына сәйкес, «қарастырылған бағыттардың басым көпшілігінде Қазақстанның ресми статистикасы Ұйымның озық саясаты мен практикасына толықтай дерлік сәйкес келеді».
Бағалау ресми статистиканың сапасының негізгі параметрлері – дәлдік пен шынайылық, үйлесімділік, халықаралық стандарттарға сәйкестік, деректердің қамтылуы мен өзектілігі, уақтылылығы, қолжетімділігі және түсіндірілуі бойынша жүргізілді.
«Қарастырылып отырған пәндік салалардың басым көпшілігінде Қазақстанның ресми статистикасы ЭЫДҰ-ның озық саясаты мен практикасына толықтай дерлік сәйкес келеді», – деп атап өтіледі қорытынды есепте.
ЭЫДҰ ұлттық статистикалық жүйені ауқымды жаңғыртуға және ресми статистиканы қалыптастырудың заманауи тәсілдерін енгізуге ерекше назар аударды.
ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанның негізгі жетістіктерінің қатарында мыналарды атап өтті:
- цифрлық статистикалық тіркелімдерді дамыту және оларды мемлекеттік органдардың деректерімен интеграциялау;
- әкімшілік деректерді белсенді енгізу және олардың сапасын арттыру;
- статистикалық ақпаратты жинау және өңдеу процестерін цифрландыру;
- фискалдық чектер мен мобильді позициялау деректері түріндегі баламалы дереккөздерді қолдану;
- дәстүрлі зерттеулерден цифрлық дереккөздерден алынған деректерді пайдалануға көшу есебінен респонденттерге түсетін жүктемені азайту;
- халық санағын жүргізудің тіркелімдік моделіне дәйекті түрде көшу;
- халықаралық статистикалық жіктеуіштерге, тұжырымдамалар мен әдіснамаларға сәйкестіктің жоғары деңгейі.
ЭЫДҰ-ның бағалауынша, Қазақстан жүргізіп отырған трансформация ресми статистиканы дамытудың қазіргі халықаралық үрдістеріне сәйкес келеді.
Реформалардың маңызды нәтижелерінің бірі – негізінен дәстүрлі зерттеулерге сүйенетін модельден әкімшілік, транзакциялық және өзге де баламалы деректерді интеграциялау негізінде қалыптастырылатын жаңа буын статистикасына көшу болып табылады.
Цифрлық статистикалық тіркелімдерді құру, жаңа дереккөздерді пайдалануды кеңейту және статистикалық процестерді цифрландыру ақпараттың жеделдігі мен сапасын бір мезгілде арттыруға, сондай-ақ бизнес пен азаматтарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект пен автоматтандыру технологияларын дамыту ерекше маңызға ие болып отыр. Олар үлкен көлемдегі деректерді өңдеу, аномалияларды анықтау, жіктеу, болжау және статистикалық өндірістің тиімділігін арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады.
Тереңдетілген шолу 2023-2025 жылдары ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының бастамасымен жүргізілді. Оның аясында ЭЫДҰ сарапшылары Қазақстанға үш рет жұмыс сапарымен келіп, ресми статистиканы қалыптастырудың құқықтық, институционалдық, әдіснамалық және технологиялық негіздерін егжей-тегжейлі зерделеді.
Шолу ұлттық статистиканың іс жүзінде барлық спектрін қамтыды – ұлттық шоттар, бағалар статистикасы және еңбек нарығы статистикасынан бастап кәсіпорындар статистикасы, сыртқы сауда, табыстарды бөлу, әл-ауқат және экологиялық-экономикалық есепке алуға дейін.
ЭЫДҰ-ның жоғары бағасы Қазақстанда статистиканы цифрлық трансформациялау, дереккөздерді кеңейту және ресми статистикалық ақпараттың сапасын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелілігін растайды.
«Ұлттық статистика бюросының халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етудегі маңызды кезең Қазақстанның 2025 жылы ЭЫДҰ Кеңесінің тиісті статистикалық практика жөніндегі ұсынымына қосылуы болды.
Қазақстан осы құжатқа қосылған ТМД-дағы алғашқы ел болды. Бұл құжат ресми статистиканың сапасы, сенімділігі, объективтілігі және ашықтығы саласындағы халықаралық бағдарларды белгілейді», - делінген хабарламада.
Қол жеткізілген прогреске жоғары баға берумен қатар, ЭЫДҰ сарапшылары ұлттық статистикалық жүйені одан әрі жетілдіру бағыттарын да белгіледі. Атап айтқанда, мыналарды одан әрі дамыту ұсынылды:
- мемлекеттік сектордың берешегі статистикасын;
- құрылымдық статистиканы және кәсіпорындардың демографиялық статистикасын;
- экологиялық-экономикалық есепке алуды;
- кәсіпорындардың сипаттамалары бойынша бөліністегі сауда статистикасын.
ЭЫДҰ ұсынымдары ұлттық статистикалық жүйені одан әрі дамыту барысында пайдаланылатын болады.