Қазақстан мен Корея Республикасының президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді
Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасына сапармен келуге шақырғаны үшін Ли Чжэ Мёңге ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Корея Республикасы Қазақстанның стратегиялық серіктесі саналады. Халықтарымызды ертеден берік достық пен өзара түсіністік, тығыз мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас байланыстырады. Елдеріміздің арасында тек достық орнаған, ешқандай дау жоқ. Алдымыздағы мақсат – екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту. Бүгін таңертең жақсы бизнес-форум өтті. Менімен бірге Кореяға үлкен бизнес делегация келді. Әртүрлі салада өте тартымды жобалар жүзеге асырылуда. Жоспарымыз да өте мықты. Оның ішінде Alatau City жобасын одан әрі дамыту мәселесін жіті талқыладық. Бұл – шын мәнінде өте қажетті және маңызды жоба. Біз оған үлкен мән береміз. Қала мәртебесіне қатысты ережелерді Конституциямызға енгіздік. Заң тұрғысынан корейлік компанияларға барлық кепілдік беріледі. Қазақстанда корей ұлтының 120 мыңнан астам өкілі тұрады. Оларға барлық жағдай жасалған, корей диаспорасы – қоғамымыздың белсенді мүшелері, – деді Президент.
Мемлекет басшысы корей генералы Хон Бом Доға арнайы тоқталды.
– Хон Бом Доның тарихымен жақсы таныспын. Ол – нағыз қаһарман, отансүйгіш тұлға. Оны жадымызда сақтау үшін өзара парасатты іс атқардық деп айтуға негіз бар. Бұл оқиғаға жүз жылдан аса уақыт өтіп кетсе де, корей халқы өз генералын ұмытпағаны таңғаларлық жайт. Батырды есте қалдыру үшін оның сүйегін отанына қайтарып, азаматтық парызымызды орындадық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент екі елдің түрлі бағыттағы ықпалдастығының қазіргі жай-күйі мен келешегін жоғары бағалады.
– Екіжақты қарым-қатынасқа тоқталсақ, сапар барысында 19 миллиард долларды құрайтын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Корей инвесторларының жұмысына көңіліміз толады, алдағы уақытта да осы бағыттағы байланыстарды жалғастырамыз. Қонақ үй, мұнай өңдеу зауытын салу және қала құрылысы бойынша жақсы жоспарларымыз бар. Әсіресе, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға ден қоямыз, – деді Мемлекет басшысы.
Корея Республикасының Президенті Қазақстан басшысына ілтипат білдіріп, оның Сеулге жасаған сапарына айрықша мән беретінін атап өтті.
– Корея тарихында айрықша орны бар және қиын-қыстау кезеңде халқына қорған болған генерал Хон Бом Доның сүйегін қайтару жөнінде шешім қабылдағаныңызға алғыс айтамын. Қазақ халқы кезінде жер аударылған корейлерге пана болды. Осы орайда Сізге және қазақ халқына ризашылығымызды білдіреміз, – деді Ли Чжэ Мёң.
Келіссөз барысында екі елдің жүйелі байланысты үзбеуге, бір-біріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендері айтылды.

Кездесу қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Корея Республикасының стратегиялық серіктестігін нығайтуға және оны жаңа әрі нақты мазмұнмен толықтыруға ниетті екенін растады.