«Заң мен тәртіп»: Elorda Trans автобус паркінің еңбек ұжымымен кездесу өтті

«Заң мен тәртіп»: Elorda Trans автобус паркінің еңбек ұжымымен кездесу өтті
Фото: елорданың «Сарыарқа» ауданы прокуратурасы

«Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында елорданың «Сарыарқа» ауданы прокуратурасының бастамасымен «Elorda Trans» ЖШС автобус паркінің еңбек ұжымымен құқық бұзушылықтардың алдын алу, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қызметкерлердің құқықтық сана-сезімін арттыруға бағытталған жұмыс кездесуі өткізілді. Іс-шараға Еңбек инспекциясы департаментінің, Әкімшілік полиция басқармасының және Көлік басқармасының өкілдері қатысты. Кездесу барысында әрбір уәкілетті мемлекеттік орган өз құзыреті шеңберінде баяндама жасады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.


Автобус жүргізушілері тарапынан заңнама талаптарын сақтау мәселелеріне, оның ішінде көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонды пайдалануға жол бермеуге ерекше назар аударылды. Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, жұмыс және демалыс режимін сақтау, еңбек және көлік тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілік мәселелері талқыланды.


Автобус паркі қызметкерлері талқылауға белсенді қатысып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды, оларға мемлекеттік органдардың өкілдері тарапынан жан-жақты түсіндірмелер берілді.
Осындай кездесулерді өткізу құқықтық мәдениет деңгейін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық көлік жолаушылары мен қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.