Жамбыл облысында «ENVIDA AI» қаржы пирамидасына қатысты тергеу басталды
ҚМА Жамбыл облысы бойынша департаменті «ENVIDA AI» қаржы пирамидасын құру және басқару фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында анықталғандай, жоба ұйымдастырушылары WhatsApp мессенджері арқылы «Еnvida ai ежедневный пассивный доход» және «Еnvida ai супер новый проект ежедневный пассивный доход» атты топтар құрып, азаматтарға тұрақты жоғары табыс уәде еткен.
«Жоба маркетингтік тұрғыда көпдеңгейлі жүйеге негізделген, негізгі табыс жаңа салымшылардан түскен. Қаржы пирамидасы өзін нақты активтерге инвестиция салатын халықаралық экожүйе ретінде таныстырған», делінеді хабарламада.
Қазіргі уақытта жобада 370-тен астам салымшы тіркелген, олардың географиясы: Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстары және Алматы қаласы.
Тергеу амалдары жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.
Айта кетейік, агенттік «Baiqa, piramida!» Telegram-ботын іске қосып, қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік берді.
«Азаматтарға сақ болуды және күмәнді қаржылық ұйымдарға жинақтарын салмауды ұсынамыз. Егер сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасына тап болса, тұрғылықты жеріңіздегі Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласыңыз», деп ескертті агенттік өкілдері.