Соңғы қоңырау: Астана полициясы ата-аналарға үндеу жасады

Бүгін, 12:59
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Соңғы қоңырау: Астана полициясы ата-аналарға үндеу жасады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана қаласының Полиция департаменті оқу жылының аяқталуына, «Соңғы қоңырау» және мектеп бітіру кештеріне байланысты іс-шаралар кезеңінде кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бақылауды күшейту қажеттігін еске салады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кей жағдайда түлектер мерекені ерекше атап өту мақсатында шуылы көп кештер ұйымдастырып, жол қозғалысы ережелерін бұза отырып автокортеждер жасайды. Мұндай «балаларға тән емес» мереке қоғамдық тәртіптің бұзылуына, жолдарда апатты жағдайлардың туындауына және өзге де құқыққа қайшы әрекеттерге әкелуі мүмкін.

Полиция кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен мінез-құлқы үшін жауапкершілік олардың заңды өкілдеріне жүктелетінін ескертеді.

Оқиғалар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ата-аналарға:

- балаларының қай жерде жүргенін білу;

- кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз ойын-сауық орындарында және үйден тыс жерде жүруіне жол бермеу;

- балалармен қауіпсіздік ережелері мен қоғамдық тәртіпті сақтау жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізу;

- алкоголь тұтынудың, жолдағы қауіпті әрекеттердің және тәуекелді ойын-сауықтарға қатысудың жол берілмейтіндігіне ерекше назар аудару ұсынылады.

Полиция департаменті азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, қала тұрғындарының тыныштығын құрметтеуге және ауыр салдарға әкелуі мүмкін жағдайларға жол бермеуге шақырады.

Еске сала кетейік, Астанада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Биыл елордада 16 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді.