Қазақстандық студент халықаралық BRICS чемпионатында алтын медаль жеңіп алды
Қазақстандық студент халықаралық беделді BRICS Skills Development and Technological Innovation Competition чемпионатында жасанды интеллект саласы бойынша алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлады Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
«Бір белдеу, бір жол» бастамасы және Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының жасанды интеллект бағытында білім беру ынтымақтастығы артуда.
Көкшетау жоғары колледжінің студенті Ильяс Гатин 2nd Artificial Intelligence Deep Learning Application Technology Competition халықаралық байқауында бірінші орынға ие болды. Байқауға Конго, Камерун, Оңтүстік Корея, Жапония және өзге де елдерден барған 20 үздік студент қатысып, жасанды интеллект пен терең оқыту технологиялары бойынша озық жобаларын ұсынды.
Қатысушылардың кәсіби даярлығы, практикалық біліктілігі және инновациялық шешімдері халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары талаптар бойынша бағаланды.
Айта кетейік, Ильяс Гатин бұған дейін де бірқатар республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсеткен. Ол WorldSkills Kazakhstan-2024 ұлттық чемпионатында «Мобильді қосымшаларды әзірлеу» құзыреттілігі бойынша күміс медаль иеленген. Сонымен қатар ProIT командасының құрамында Inform Defence Hackathon хакатонында І орынды жеңіп алған.
Бұл жетістік қазақстандық колледж студенттерінің жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және инновация саласында әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін айқын көрсетеді.
Бұған дейін қазақстандық студенттер BRICS Skills Competition-2025 чемпионатында жүлдегер атанғанын жазған болатынбыз.