Референдум-2026

Қазақстандағы сақтандыру нарығының активтері 4,2 трлн теңгеге жетті

Қазақстандағы сақтандыру нарығының активтері 4,2 трлн теңгеге жетті
Фото: pexels.com

Қазақстанның сақтандыру секторы тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша елде 25 сақтандыру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 10-ы – өмірді сақтандыру компаниялары. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Агенттік дерегінше, мамыр айының қорытындысында сақтандыру ұйымдарының активтері 2,4%-ға өсіп, 4,2 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бергі өсім – 8,3%. Активтердің басым бөлігін бағалы қағаздар (73,9% немесе 3,1 трлн теңге) құрайды.

Мамыр айында сақтандыру ұйымдарының міндеттемелері 2,9%-ға өсіп, 3,1 трлн теңгеге жетсе, меншікті капиталы 1,2%-ға артып, 1,1 трлн теңгені құрады. Осы кезеңдегі таза пайда 55,8 млрд теңге болса, жыл басынан бергі көрсеткіш 85,5 млрд теңгеге жетті.

Жыл басынан бері жеке және заңды тұлғалармен 7,4 млн сақтандыру шарты жасалған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29,3%-ға аз. Агенттік мұны жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарының айтарлықтай қысқаруымен байланыстырады.

2026 жылдың алғашқы бес айында сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлемі 657,2 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,6%-ға төмен. Дегенмен міндетті сақтандыру сегментінде оң динамика сақталып, жиналған сыйлықақылар көлемі 121,8 млрд теңгеге жетіп, 12%-ға өсті. Өсімге қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру және көлік иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру бойынша түсімдердің артуы әсер еткен.

Ерікті жеке сақтандыру бойынша сыйлықақылар көлемі 315,1 млрд теңгені, ерікті мүліктік сақтандыру бойынша 220,3 млрд теңгені құрады. Екі бағытта да өткен жылмен салыстырғанда төмендеу байқалады.

Ал сақтандыру төлемдері, керісінше, өскен. Жыл басынан бері төленген өтемақы көлемі 197,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,5%-ға артқан.

Естеріңізге сала кетейік, жылдың басында банктердің активтері 68,3 триллион теңгеге дейін ұлғайғанын жазған едік.