Қазақстанда алғаш рет торакальдық хирургияда жаңа аз инвазивті әдіс қолданылды

Қазақстанда алғаш рет торакальдық хирургияда жаңа аз инвазивті әдіс қолданылды
Фото: ДСМ

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығында алғаш рет инновациялық әдіс – бейнеторакоскопиялық хирургия (VATS) шеңберінде периареолярлық қолжетімділік арқылы өкпені резекциялау сәтті енгізіліп, қолданылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Операция өкпе туберкуломасы бар пациентке жасалып, асқынусыз өтті. Хирургиялық араласуды хирургия бөлімшесінің жетекшісі Жасұлан Ибраев жүргізді.

Периареолярлық қолжетімділікті қолдану хирургиялық жарақатты барынша азайту, операциядан кейінгі ауырсыну синдромының айқындылығын төмендету, сондай-ақ оңтайлы косметикалық нәтижеге қол жеткізу арқылы операциялық емнің тиімділігі мен қауіпсіздігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Аталған технологияны енгізу медициналық көмекті көрсетудің халықаралық стандарттарына және операциядан кейін пациенттердің жедел қалпына келу тұжырымдамасының (Enhanced Recovery After Surgery) қағидаттарына сәйкес келеді. Бұл тәсіл әлемнің жетекші медициналық орталықтарында кеңінен қолданылады.

Жоғары технологиялық хирургиялық араласуларды енгізу Қазақстанда аз инвазивті торакальдық хирургияны дамытудағы маңызды кезең болып табылады және халыққа көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Орталықта аталған әдісті қолдану ауқымы алдағы уақытта кеңейтілетіні аталып өтті. Жүргізілген операциялар негізінде клиникалық нәтижелерге ғылыми талдау жүргізу, сондай-ақ технологияны еліміздің өңірлеріндегі медициналық ұйымдарға кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған.

Бұған дейін астаналық клиниканың Орталық Азиядағы көз клиникалары арасында алғаш рет JCI аккредитациясын алғанын жазғанбыз.