Қазақстан мен Корея орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді

Бүгін, 17:26
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қазақстан мен Корея орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді
Фото: freepik.com

Сеулде өткен Орман шаруашылығы жөніндегі министрлік форум аясында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Шарбиев Корея орман қызметінің басшылығымен және Азия орман секторындағы ынтымақтастық ұйымының (AFoCO) атқарушы директоры Пак Чонхомен кездесулер өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Келіссөздердің негізгі тақырыптары — ормандарды қалпына келтіру, заманауи технологияларды енгізу, орман питомниктерін дамыту, көміртегі жобаларын іске асыру және халықаралық инвестициялар тарту.

«AFoCO-мен кездесу қорытындысында орнықты орман шаруашылығы және көміртегі жобалары саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум папкаларымен алмасу рәсімі өтті. Құжат аясында Қазақстандағы 100 мың гектардан астам орман қорғау белдеулері мен агроорман-мелиорациялық аумақтарды қамтитын көміртегі жобаларын пысықтау көзделген», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ болашақ жобаларды Қазақстан ұсынған «Орталық Азияның жасыл қалқаны» өңірлік бастамасымен ұштастыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Ведомствода кездесулердің басты мақсаты — халықаралық тәжірибе мен технологияларды тарта отырып, келіссөздерді Қазақстан аумағында жүзеге асатын нақты орман және көміртегі жобаларына айналдыру екенін хабарлады.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Корея Республикасы» бизнес-саммитінде сөз сөйледі.