Азия ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасының 558 бақ сынайды
19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Аити префектурасы мен Нагоя қаласында XX жазғы Азия ойындары өтеді. Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының сапынан 558 спортшы бақ сынайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап.
Қазақстандық спортшылар жарыс бағдарламасына енгізілген 43 спорт түрінің 35-і бойынша жүлдеге таласады.

Жазғы Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты 19 қыркүйек күні Nagoya City Mizuho Park Athletic Stadium стадионында өтеді. Салтанатты шара Қазақстан уақытымен сағат 14:00-де басталады.
Құрлықтық додаға Азияның 45 елінен шамамен 15 мың спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Жарыс бағдарламасы бойынша 469 медальдар жиынтығы сарапқа салынады.

XX жазғы Азия ойындары Жапонияның 53 спорт нысанында ұйымдастырылады. Жарыстар Аити префектурасы мен Нагоя қаласынан бөлек, Токио және Осака қалаларында, сондай-ақ Сидзуока мен Гифу префектураларында өтеді.
Жарыстардың бірнеше өңірде ұйымдастырылуы Қазақстан спортшылары мен делегация мүшелері үшін логистикалық тұрғыдан қосымша қиындықтар туындатуы мүмкін.
Еске сала кетейік, қазақстандық бессайысшылар Азия ойындарындағы жарысты бастады.