Қазақстан мен Франция Балқаш көлін сақтау жөніндегі мастер-жоспарды бірлесіп әзірлеп жатыр
Астанада Балқаш көлінің экожүйесін сақтау жөніндегі мастер-жоспарды әзірлеу бойынша жұмыс тобының ашық отырысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жоба Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі, Францияның даму агенттігі (AFD) және Францияның Геологиялық және тау-кен зерттеулері бюросы (BRGM) арасындағы ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жатыр.
Жиынға Су ресурстары және ирригация министрлігінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, «Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ-тың, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының, «Қазгидромет» РМК-ның, География және су қауіпсіздігі институтының, «Қазақмыс» корпорациясының, Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының өкілдері, сондай-ақ француздық серіктестер қатысты.
Кездесу барысында Франция сарапшылары жоба аясында жүргізілген зерттеулердің аралық нәтижелерін таныстырды. Қатысушылар ауыл шаруашылығы, гидрология, мұздықтардан келетін ағын үлесін бағалау, гидрогеология, су пайдалану және су ресурстарын бөлу модельдері бағытындағы жұмыстардың қорытындыларымен танысты.
Отырыста климаттың өзгеруі жағдайында Балқаш көлінің бассейніндегі су ресурстарын тұрақты басқару мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сарапшылар өзен ағынын болжау, мұздықтардан қоректенудің болашақтағы өзгерістерін бағалау, жерүсті және жерасты суларының өзара байланысын зерттеу, сондай-ақ басқарушылық шешімдер қабылдауды қолдайтын заманауи модельдеу құралдарын пайдалану тәсілдерін ұсынды.
Сонымен қатар су ресурстарын бөлудің түрлі сценарийлерін талдау және бассейндік жоспарларды әзірлеу үшін цифрлық технологияларды қолдану перспективалары қарастырылды.
Талқылау нәтижесінде мамандар әртүрлі бағыт бойынша жүргізілген зерттеулерді Балқаш көлінің су жинау алабының жағдайын бағалаудың бірыңғай жүйесіне біріктіріп, қосымша зерттеуді қажет ететін басым мәселелерді айқындады. Мастер-жоспарды әзірлеу жұмыстары 2026 жылдың соңына дейін аяқталып, қорытынды нәтижелері таныстырылады деп күтіліп отыр.
«Француз сарапшылары сапарының қорытындысы бойынша мастер-жоспарды әзірлеудің келесі кезеңдері нақтыланады. Оның ішінде 2040 жылға дейінгі су шаруашылығы жағдайының даму сценарийлерін дайындау, климаттық модельдерді таңдау және жекелеген бағыттар бойынша қосымша зерттеулер жүргізу көзделген. 2026 жылдың соңына дейін қазақстандық және француздық сарапшылар зерттеу нәтижелерін біріктіру, модельдік есептеулерді жетілдіру және қорытынды құжатты әзірлеу жұмыстарын жалғастырады. Мастер-жоспар Балқаш көлінің экожүйесін сақтау мен бассейннің су ресурстарын тұрақты басқару бойынша ұзақ мерзімді шешімдер қабылдаудың ғылыми негізіне айналады», – деді «Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Қайратғали Хайрулла.
Бұдан бұрын Қапшағай су қоймасы 98 пайызға толғанын жазған болатынбыз.