Президент қатысқан салтанатты шарада түрлі салада жетістікке жеткен әйелдер марапатталды

Президент қатысқан салтанатты шарада түрлі салада жетістікке жеткен әйелдер марапатталды
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада түрлі салада жетістікке жеткен әйелдерді марапаттады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент бүгін мен ғылымда, өнерде, спортта, денсаулық сақтау саласында, мемлекеттік қызметте, бизнесте және ел өмірінің басқа да маңызды салаларында табанды еңбек етіп жүрген әйелдердің көп екенін атап өтті. 

«Марфуға Әжіғалиева жарты ғасырдан аса уақыт медицина саласында еңбек етіп жүр, 40 жыл бойы учаскелік терапевт болды, дәрігерлер әулетінің бастауында тұр. Бүгін ол еліміздің жоғары наградасы – «Отан» орденімен марапатталады. 
Жетісу облысындағы шаруа қожалығының жетекшісі Шакира Ыдырысова ауыл шаруашылығы саласында 50 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жоғары өндірістік нәтижелерге қол жеткізіп, аудан мен облыс көлемінде абыройға ие болды. Мен оны бірінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапаттау жөнінде шешім қабылдадым.
Шахматтан әлемнің үш дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева ел мерейін өсіріп, қазақты нағыз зияткер ұлт ретінде жер жүзіне танытып жүр. Әйгілі шахматшы ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталады. Өкінішке қарай, ол Таяу Шығыста болып жатқан жағдайға байланысты бүгін шетелден Астанаға келе алмады», - деді Мемлекет басшысы.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы Парламент Сенаты төрағасының орынбасары, қаржы саласының тәжірибелі маманы Ольга Перепечинаға, Мәжіліс депутаттары Снежанна Имашева мен Екатерина Смышляеваға беріледі. Олар заң шығару қызметіндегі жемісті еңбектерімен осы құрметке жетіп отыр.
Бұл жоғары атаққа көрнекті ғалым, мұнай-газ саласындағы өнертапқыш Мәнсия Бабашева да ие болды.
Алматы қаласындағы №95 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Татьяна Белоусоваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді. Оның педагог ретіндегі еңбегі жуырда халықаралық деңгейде кеңінен мойындалды.
Осы атаққа азаматтық ұстанымымен белгілі, әсіресе, білім беру саласындағы мәселелерді жиі көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да лайық.
Өткен аптада ғана Кристина Шумекова конькимен жүгіруден жастар арасындағы бес дүркін әлем чемпионы атанып, Қазақстанның абыройын асқақтатты. Бүгін оған «Парасат» ордені табысталады.
«Парасат» орденімен белгілі жазушы, аудармашы, тіліміздің нағыз жанашыры Камал Әлпейісова марапатталады.
Арамызда отырған Мария Зейнелованың ерен еңбегін де атап өту қажет. Ардагер маман Наурызым қорығында 43 жыл жұмыс істеп, табиғатты қорғау ісіне зор үлес қосты.
Ал Айсұлу Шуақбаева 40 жылдан астам мұнай өндіру саласында қажырлы еңбек етіп, ел игілігін арттыруға атсалысып келеді. Өз міндетін мінсіз атқарып жүрген мамандар «Құрмет» орденімен марапатталады», - деді Президент.

Мемлекет басшысы залда қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері де бар екенін жеткізді. Президент олардың білімді, ойы ұшқыр, шығармашыл және отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге мол үлес қосып жүргеніне тоқталып, осыған орай, тәжірибелі педагог Жанна Левковичке «Құрмет» ордені, ал жас мұғалім Мария Суринаға «Шапағат» медалі табысталатынын атап өтті. 

«Тікұшақ пилоты Ақерке Шопатаеваның еңбегі аса маңызды десек қате болмайды. Ол талай мәрте орман өртін сөндіруге және басқа да құтқару жұмыстарына қатысып, кәсіби тұрғыдан білікті маман ретінде қажырлы қызмет етуде. Бүгін оған «Ерен еңбегі үшін» медалі беріледі.
Бұдан бөлек, Жапониядан келген белгілі өнерпаз Сузуки Канон да осы салтанатты іс-шараға арнайы шақырылды. Сузуки ханым Қазақстанда балет өнерін дамытуға белсене атсалысуда. Сондықтан оны «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттаймын.
Біз Отанымыздың көркейіп, гүлденуіне зор еңбек сіңіріп жүрген осындай аруларды мақтан тұтамыз, оларды жас буынға үлгі етеміз», - деді Мемлекет басшысы. 

Президент «Отан отбасынан басталады» деген сөздің терең әрі жан-жақты мағынасы бар екенін атап өтіп, қазақ әйелдері шаңырақтың ырыс-берекесін арттырып, өнегелі ұрпақ өсіріп отырғанына назар аударды.

«Отбасындағы қасиетті миссиясы мен Отан алдындағы қастерлі міндетін қатар атқарып жүр. Мен мұны елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі және үлкен еңбектің арқасы деп санаймын. Әр отбасында тұрақтылық, береке-бірлік пен ырыс-несібе болса, Отанымыз да өсіп-өркендейді», - деді Тоқаев.