Президент: Коммуналдық инфрақұрылымды жедел жаңғыртудың маңызы зор

Бүгін, 17:43
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Президент: Коммуналдық инфрақұрылымды жедел жаңғыртудың маңызы зор
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бұл туралы Мемлекет басшысы Астананы дамыту жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Көші-қон қарқынының артуы, ірі қалалардағы құрылыстың тығыз салынуы инженерлік желілер мен шаһар тіршілігін қамтамасыз ететін нысандарға айтарлықтай салмақ салады.

Бірнеше жыл бұрын елордада ауыз судың тапшылығы сезілді. Оның сапасына қатысты сын айтылды.

Осы мәселелерді шешу үшін жаңа су құбырлары тартылып, сорғы-сүзгі станциялары салынып жатыр. Олардың кейбірі пайдалануға берілді.

Елдің бас қаласын сумен тұрақты қамтамасыз ету – техникалық міндет қана емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Мұнда ұсақ-түйек нәрсе болмайды, барлығын алдын ала ойластырып, уақтылы жасау қажет.

Төртінші ауыз су станциясын межелі мерзімде салған жөн. Биыл Астана су қоймасын ауқымды тазартудың бірінші кезеңі аяқталды. Жұмыстың осы қарқынын жоғалтпау маңызды. Екінші кәріз-тазарту құрылысы мен қалаішілік тазарту жүйесін іске қосу керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.