Костенко шахтасындағы жарылыс бойынша апелляциялық сотта үкім өзгеріссіз қалдырылды
Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Костенко шахтасындағы жарылыс фактісі бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлады Elordainfo.kz Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот алқасы шахта директоры М., директордың орынбасары Е., бас инженер Г., жарылыс болған учаскенің бастығы К., бас инженердің өтпе жұмыстары жөніндегі орынбасары Г., бас инженердің техника қауіпсіздігі жөніндегі орынбасары Ф., желдету және техника қауіпсіздігі учаскесінің бастығы Ш., бас механик К., учаске бастығының көмекшісі П., конвейерлік көлік учаскесінің бастығы Г-ге қатысты қылмыстық істі қарады. Тергеу бойынша аталған тұлғаларға тау-кен жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік қағидаларын бұзып, абайсызда бірнеше адамның өліміне, сондай-ақ адамдардың денсаулығына ауыр және орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеп соққан әрекеттері үшін айып тағылды.
«Атап айтқанда, ҚР ҚК-нің 277-бабының 3-бөлігіне сәйкес, олар тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде техника қауіпсіздігі талаптарының сақталуына жауапты тұлғалар бола отырып, азаматтық қорғау, өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігі, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, өнеркәсіптік санитария және кәсіби денсаулық саласындағы заңнамада белгіленген талаптарды бұзған, осы талаптардың бұзылуы жарылысқа әкеп соғып, оның салдарынан шахтада 46 кенші қаза тапқан, сондай-ақ көмір шаңының жануы салдарынан пайда болған жарылыс толқыны мен көмірқышқыл газының әсерінен 26 кенші ауыр және орташа ауырлықтағы дене жарақатын алған», - делінген хабарламада.
Бұған дейін Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданы сотының 2025 жылғы 15 тамыздағы үкімімен М., Е., Г., К., Г., Ф., К., П., Ш. және Г. ҚР ҚК-нің 277-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылған болатын. М.-ге 8 жыл, Е., Г., К.-ге – 7 жыл; Г.-ге – 6 жыл 6 ай; Ф., К., П.-ге – 6 жыл; Ш. және Г.-ге – 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған еді.
Сотталушылар тау-кен өнеркәсібінде 3 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Сот алқасы сотталғандар мен олардың адвокаттарының шағымдары бойынша келіп түскен қылмыстық істі қайта қарап, апелляциялық тәртіппен бірінші сатыдағы соттың үкімін өзгеріссіз қалдырды. Бірінші сатыдағы соттың үкімі заңды күшіне енді.
Естеріңізге сала кетейік, Костенко шахтасындағы жарылысқа байланысты 106 том қылмыстық іс сотқа жолданған болатын.