Бас қалада жазғы лагерьлердің бірінші маусымы аяқталды: оған 72 мыңнан аса бала қатысты
Астана қаласында оқушылардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруға бағытталған мектеп жанындағы және бейіндік лагерьлердің бірінші маусымы өз жұмысын аяқтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
Бірінші маусымда 72 567 оқушы түрлі бағыттағы танымдық бағдарламалармен қамтылып, қызықты әрі пайдалы демалыс өткізді.

Оқушылар «Оқитын ұлт: OZYQ ULT», «Болашақ LAB», «GREEN CITY: Балалар таңдауы», «Әділет CAMP», «Smart Bala» және «САЯХАТ & СПОРТ» жобалары аясында танымдық, шығармашылық және спорттық іс-шараларға белсенді қатысты.
Сонымен қатар, «Green City (эко)», «Достық мекені», «Айбынды маусым», «Eco-life English», «Maximum білім», «Этно лагерь», «IQ Summer», «Smart mi», «ЭтnoFEST», «ART & TOLAGAI», «Lingua Camp», «IT эко-лагерь», «Bio MIX», «Digital IT», «Smart Bala», «Келешек мектеп IT», «English Club», «Marvel Camp» және өзге де бағыттар бойынша лагерьлер жұмыс істеді.
Қаланың 32 мектебінде ұйымдастырылған «Атамекен» этно-лагерінде 7500 оқушы ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бағдарламаларға қатысты.
Бұдан бөлек, елорданың 13 қосымша білім беру ұйымында қолөнер, шет тілдері және жүзу бағыттары бойынша қысқа мерзімді клубтар мен тақырыптық лагерьлер ұйымдастырылып, оларға 4000-нан астам бала қамтылды.
Жалпы, жазғы демалыс кезеңінде Астана қаласы бойынша 1-10 сыныптар аралығындағы 242 мыңнан астам оқушыны түрлі демалыс, сауықтыру және дамыту бағдарламаларымен қамту жоспарланған.
Қазіргі уақытта жазғы лагерьлердің екінші және үшінші маусымдарына дайындық жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, бұдан бұрын елордалық мектепте үш жазғы лагерь ашылғаны туралы жаздық.