Референдум-2026

Елімізде 473 мемлекеттік нысанды бәсекелестік ортаға беру ұсынылды

Елімізде 473 мемлекеттік нысанды бәсекелестік ортаға беру ұсынылды
Фото: Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі

Елордада Монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекетаралық кеңестің 60-мерейтойлық отырысы өтті. Жиында Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров елімізде жүзеге асырылып жатқан бәсекелестік саясатының нәтижелері мен алдағы реформалардың негізгі бағыттарын таныстырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Марат Омаровтың айтуынша, Қазақстан жоспарлы экономикадан нарықтарды жаңғырту кезеңіне өтіп, мемлекеттік сектордың үлесін қысқартып, ашық әрі бәсекелі ортаны қалыптастыруға басымдық беріп отыр.

«Біздің басты бағытымыз – экономиканың мемлекеттік секторын батыл қысқарту және ашық әрі бәсекелі ортаны қалыптастыру», – деді Агенттік төрағасы.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша бәсекелестікті дамытуға кедергі келтірген 14 жүйелі мәселе жойылып, оның экономикалық тиімділігі 1,3 трлн теңгені құраған. Ал биыл жыл басынан бері тағы төрт жүйелі кедергі жойылған. Сонымен қатар нормативтік құқықтық актілер жобалары толықтай реттеушілік әсерді талдау рәсімінен өтіп, Агенттік ұсынған ескертулердің 66 пайызы мемлекеттік органдар тарапынан қолдау тапқан.

Құқық қолдану саласында да оң нәтижелер бар. 2025 жылы бәсекелестік заңнамасын бұзу бойынша 92 тергеп-тексеру аяқталса, биыл тағы 25 іс аяқталған. Салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы көлемі 6,6 млрд теңгеге жетіп, оның толық көлемі бюджетке өндірілген.

Жиында авиациялық отынмен қамтамасыз ету, телекоммуникация, энергетика, мұнай өңдеу және мемлекеттік сатып алу салаларында жүргізілген тергеп-тексерулердің қорытындылары таныстырылып, заң бұзушылықтарды жою бағытындағы жұмыстар баяндалды.

Мемлекеттік секторды қысқарту реформаларына да ерекше назар аударылды. Президенттің экономиканы ырықтандыру жөніндегі Жарлығын іске асыру аясында мемлекет қатысатын 16 мыңға жуық ұйымға талдау жүргізіліп, нәтижесінде 473 нысанды бәсекелестік ортаға беру ұсынылған. Сарапшылар бұл қадамның экономикалық тиімділігін 6,44 трлн теңгеге бағалап отыр.

Сонымен қатар Агенттік монополияға қарсы реттеуді цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Antitrust ақпараттық жүйесі өндірістік пайдалануға енгізіліп, тауар нарықтарын талдау мен тергеп-тексеру процестері цифрландырылған. Бұдан бөлек, жасанды интеллект негізіндегі AI-Internal Audit платформасы мен нормативтік құқықтық актілердегі бәсекелестікке кедергілерді автоматты анықтайтын жүйелер іске қосылуда.

«Қазіргі заманғы монополияға қарсы орган ескі құралдармен тиімді жұмыс істей алмайды. Бәсекелестікті қорғаудың болашағы – технологияларда», – деді Марат Омаров.

Отырыс барысында бәсекелестік саласындағы заңнамалық түзетулердің алтыншы пакеті де таныстырылды. Онда экономикалық шоғырлануды бақылауды күшейту, мемлекеттің экономикаға қатысуын шектеу, ұжымдық талап қою институтын енгізу, цифрлық платформаларды реттеу және әлеуметтік маңызы бар нарықтардағы бәсекелестікті қорғау тетіктерін жетілдіру көзделген.

Агенттік төрағасының айтуынша, қолға алынған реформалар ашық, цифрлық және әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыруға бағытталған.