Елге «Еуро-2» техникасын заңсыз әкелгендерге қатысты тергеу аяқталды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін көлікті заңсыз әкелу бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында бір топ адамның бақылауындағы ЖШС-лар арқылы «Еуро-2» экологиялық санатындағы FAW жүк көліктерін Қазақстанға заңсыз импорттауды ұйымдастырғаны анықталған.
«Қолданыстағы талаптарға сәйкес «Еуро-4»-тен төмен стандарттағы техникаларды елге әкелуге тыйым салынғанына қарамастан, күдіктілер көліктерді Қытайдан сыртқы экономикалық келісімшарт арқылы жеткізіп отырған. Кедендік рәсімдеу кезінде жалған құжаттар пайдаланылып, көліктің қауіпсіздік сертификаттарына (СБКТС) әдейі «Еуро-5» экологиялық класы көрсетілген», делінеді хабарламада.
Нәтижесінде ел аумағына жалпы кедендік құны 284 млн теңгеден асатын 20 арнайы техника заңсыз кіргізілген. Кейін бұл техникалар өзара байланысы бар компаниялар арқылы сатылып, мемлекеттік сатып алу шеңберінде 600 млн теңгеден астам сомаға жеткізілген.
Сот шешімімен күдіктілерге тиесілі 9 автокөлік пен бір пәтерге тыйым салынды. Күдіктілердің бірі қамауға алынса, тағы екі адамға елден шықпау жөнінде қолхатпен босатылды.
«Экологиялық стандарттарға сай келмейтін көлікті заңсыз әкелу қоршаған ортаға елеулі зиян келтіреді. «Еуро-2» класына жататын техника «Еуро-4» және «Еуро-5» стандарттарына қарағанда әлдеқайда көп зиянды зат бөліп, ауа сапасының нашарлауына және халық денсаулығына қауіп төндіреді», деп мәлім етті ҚМА баспасөз қызметі.