«БалуанTAS» алыптар командасы тұңғыш рет Жайдарман сахнасында өнер көрсетті
Астана күніне орай өткен «ELORDA CUP» республикалық арнайы жобасында ұлттық спорт өкілдері алғаш рет Жайдарман сахнасына шықты. «БалуанTAS» алыптар командасы республикалық жобаға қатысып, үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жайдарман сахнасында алғаш рет палуандар қауымының атынан «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының өкілдері құрған «БалуанTAS» командасы өнер көрсетті. Кеш жүргізушісі, «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ президенті Есен Елеукен команданы арнайы жобаға қатысушы ерекше ұжым ретінде таныстырды.
Бейбітшілік және келісім сарайында өткен «ELORDA CUP» республикалық арнайы жобасына еліміздің әр өңірінен келген үздік жайдарманшылар қатысты. Осындай беделді сахнада ұлттық спорт саласының атынан алғаш рет бақ сынаған «БалуанTAS» командасы ерекше әзіл-оспағымен, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін қойылымдарымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Команда Түркістан облысының Отырар ауданы атынан қатысты. Оның басты ерекшелігі – қазақ күресі, ұлттық спорт, палуандық дәстүр, елдік рух пен ұлттық мәдениетті әзіл арқылы насихаттауы. Бұл бастама ұлттық спортты жастар арасында жаңа форматта танытуға тың серпін берді.
Команданың тағы бір ерекшелігі – құрамындағы барлық қатысушының бойы 190 сантиметрден 2 метр 10 сантиметрге дейін жететін алып жігіттер. Құрамында топ жетекшісі Ернар Рзалиев, Ернұр Садуақас, Мақсат Нұрқалиев, Жансерік Бекназар, Дархан Бегайдар, Ернұр Жомарт, Мұхамеджан Кеңесбек және қосалқы құрамдағы гимнаст-дзюдошы Еділ Мамырайхан бар.

«Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті Абылайхан Қалназаровтың айтуынша, бұл жоба ұлттық спортты дәріптеудегі жаңа қадам болды.
«Біз қазақ күресі федерациясы мен федерациялары, ассоциациялары, жалпы ұлттық спорт түрлері федерациялары мен ассоциациялары, тіпті Туризм және спорт министрлігі жасамаған қадам жасадық. Өз үлгімізбен баршаға жол көрсетіп, үндеу жасап отырмыз. Тұңғыш рет күш иелері сахнада өнер көрсетті және жай өнер көрсетпей, өз құндылығын юмор тіліне байлап көрерменге жеткізді. Қазір заман талабы басқаша. Жастарға өз идеологияңды сіңіру үшін олардың сұранысына бейімделуің керек. Бұл жағынан «БалуанTAS» тұңғыш жолашар әрі мұзжарғыш болды», – деді ол.
Сонымен қатар академия президенті әзіл ретінде:
«Бізде олардағыдай бюджет жоқ. Ондай алапат бюджет болғанда космосқа ракета ұшырып, әлдеқашан Марсқа қонушы едік. Бүгін әзіл күні ғой», – деді.
Абылайхан Қалназаров қазақ жастарының әзіл әлемін дамытудағы еңбегі үшін Есен Елеукенді де ерекше атап өтті.

«Ол да балуантасшылар ұғымымен айтқанда, символдық «Балуан тас» көтерген палуан. Айтыс өнерін көтерген Жүрсін Ерман секілді, қазақ әзіл-оспағы мен жастар Жайдарманының жүгін көтеріп, тұғырлы орнына қойды», – деді ол.
Ойын барысында топ жетекшісі Ернар Рзалиевтің «Балуан тас деген не?» деген сауалына команда мүшесі Мақсат Нұрқалиев:
«Балуан тас дегеніміз – Қажымұқан мен Балуан Шолақ аталарымыздың қолының табы қалған киелі жәдігер. Бұрын ақындар мұны жырласа, халық ауыздан-ауызға таратып, “Ерлік – ердің ісі, ал сол ерліктің куәгері – Балуан тас” деген», – деп жауап берді.
«Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы алдағы уақытта да ұлттық спорттың құндылықтарын жастар арасында шығармашылық жобалар арқылы кеңінен дәріптеуді жалғастырады.
Айта кетейік, академия қазақ күресі, бәйге, садақ ату, теңге ілу, көкпар, жамбы ату, аударыспақ, құсбегілік, тоғызқұмалақ, асық ату және арқан тарту секілді ұлттық спорт түрлерін тарихи-мәдени және ғылыми тұрғыдан зерттеп, насихаттаумен айналысады. Биыл ұйым Нәзір Төреқұлов музейін ашу мен деректі фильм түсіру, «Қажымұқан» драмасын сахналау, Түркістан облысына «Балуан тас» экспедициясын ұйымдастыру, көне «Балуан тас» рәсімін жаңғырту және жас ғалымдардың ғылыми зерттеулерін қолдау бағытында бірқатар жобаны жүзеге асырып, 20-дан астам «Күш» лекциясын өткізді. Қазіргі уақытта тақырыптық екі музей ашу жоспарланып отыр.