Балаларды өмірде чемпион болуға тәрбиелейміз: Әкелер кеңесінің төрағасы жеке тәжірибесімен бөлісті

Балаларды өмірде чемпион болуға тәрбиелейміз: Әкелер кеңесінің төрағасы жеке тәжірибесімен бөлісті
Фото: Айдын Ербекеевтің жеке архивінен

Астана қаласының «Алматы» ауданы Әкелер кеңесінің төрағасы, «Қорғалжың» спорт клубының бапкері Айдын Ербекеев -  жақсы әке болудың үлгісін жеке тәжірибесі арқылы көрсетіп жүрген жандардың бірі. Әкелер күні қарсаңында әңгімелескен сұхбаттасымыз жас ұрпақтың бойына құндылықтар мен спортты қатар сіңіріп отырса, рухани мықты азаматтың өсіп-жетілуіне ықпал етуге болатынын айтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Спорт саласында, оның ішінде кикбоксингтен көптеген жетістіктерге жеткен Айдын Ербекеев бүгінде сонау 90-шы жылдары өзі шыңдалған «Қорғалжың» спорт клубына бапкер болып оралып, мектеп оқушыларымен мол тәжірибесімен бөлісіп жатыр.   

«Қорғалжың» спорт клубы қаладағы №51 мектепте орналасқан. 32 тәрбиеленуші бар, оның үшеуі қыз бала.  Балаларымыздың қай-қайсы да талантты, сауатты, еңбекқор. Олардың ішінде Қазақстан чемпионатына, Әлем кубогіне қатысқан спортшыларымыз бар. Мәселен, Жәнібек Жақсат Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер, Ташкент қаласында өткен Әлем кубогінде күміс жүлдеге ие болды. Қазбек Жақсат 2024 жылы Көкшетауда өткен чемпионатта кикбоксингтен ел чемпионы атанды. Ол бокстан да өнер көрсетеді, республикалық турнирдің жеңімпазы. Алуа Қарағұл Қазақстан Республикасының кикбоксингтен қола жүлдегері. Ернұр Ерболұлы да қола жүлдегер иегері. Санамалай берсек, спортта айтулы жетістікке жеткен балаларымыз өте көп», - дейді ол.

Айдын Әділқазыұлы клубта балаларды тек қана спортқа баулып қоймай, олардың бойына адами құндылықтарды сіңіруге де ден қойылатынын айтты.

«Біз әр жексенбі сайын таңғы сағат 07.00-де триатлон саябағына келіп, кросс ұйымдастырамыз. Одан кейін моншаға барамыз. Суға түскен соң шай ішіп, әртүрлі тақырыптарда сұхбаттасамыз.

Әрбір баланың туған күніне рухани сыйлық беруді дәстүрге айналдырдық. Мысалы, тәрбиелік мәні бар «Жігіттің сұлтаны бол», «Нағыз жігіт», «Сегіз қырлы, бір сырлы» кітаптарын тарту етеміз.   

Қазір балалар үш айлық жазғы демалысқа шықты ғой.  Ал бізде жыл сайын маусым айынан тамыз айына дейін кітап оқу челленджі басталады. Әр бала маған аудио, видео байланысқа шығып, өзі оқып жатқан кітаптың атын, авторын айтып, шағын мазмұнын әңгімелеп береді.

Сондай-ақ, балалардың ата-аналарымен де тығыз қарым-қатынастамыз. Балаларды ата-аналарымен бірге табиғат аясына алып шығып, дастархан жайып, тәрбиелік маңызы бар әңгіме-дүкен құрамыз.

Осы жан-жақты әрекеттеріміздің нәтижесі де жаман емес. Ата- аналар балаларының жинақы қалыпқа түсіп, шапшаң ойлап, бәсекеге бейімделгенін байқаған.  Ортада өз-өзін жақсы ұстауы да көңілдерінен шығатынын айтып, алғыстарын жеткізіп жатады», - дейді бапкер.

Ол отбасында да, қоғамда да «баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» деген ұстанымды ұстанады. Өйткені бала қашанда көргенін істейді.

«Өз жанұямда да спорт параллельді өміріміз тәрізді. Таңмен ерте тұрып, әр жексенбі саябаққа барып, жүгіреміз. Қыстыгүні шаңғы тебеміз. Балаларым спортқа деген сүйсіпеншілікті бойына сіңіріп өсуде.  Кіші қызым Аянаттың көркем гимнастикамен айналысқанына 12 жыл болды. Жақын арада Шымкент қаласынан Қазақстан чемпионы атанды. Енді Астанада өткен Азия чемпионатына Азия чемпионы атанды. Болашақта халықаралық спорт шебері атағын иеленеді деген үміттеміз. Кіші ұлым Ербол 13 жыл футбол ойнады, үлкен жетістіктерге жетті. Спорт шеберлігіне кандидат болды. Үлкен ұлым да бокспен айналысты.

Келіншегім Әсел 21 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. Қазір жеке кәсіппен айналысады.  Ол да үлкен-үлкен марафондарға қатысады. Отбасы мүшелерінің қай-қайсы да осылайша оқу, еңбекпен спортты да қатар алып жүрген жайлары бар. Өз басым, балалардың өмірде қалыптасуына спорттың берері көп деген пікірдемін. Спорт жауапкершілік пен шыдамдылыққа үйретеді. Бұндай қасиеті бар адам өмірдегі түрлі сынақтардан сынбай өте алатынына сенімім мол. Бастысы, жүйелілік болу керек: дұрыс ұйықтап, дұрыс тамақтану қажет. Үйде де, спорттық клубта да осыны балаларға тынбай үйретемін», - дейді ол.

Құндылық пен спорт ұштасқан орта қалыптастырып, сол арқылы қоғамға пайдалы саналы азамат тәрбиелеуді мақсат тұтқан клубтың басты ұстанымы да осы: «Өмірде чемпион бол!» ұраны.