Астанада Құрылысшылар күніне орай сала мамандары марапатталды
Астанада Құрылысшылар күніне орай құрылыс саласының мамандарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Салтанатты шара барысында елорданың құрылыс саласының дамуына елеулі үлес қосқан мамандарға Астана қаласы әкімінің, қала әкімінің орынбасарының және Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының алғыс хаттары табысталды.
Жиында құрылысшылардың елорданы дамытудағы еңбегі ерекше аталып өтті. Тұрғын үй, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салып жүрген сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.

Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Ғани Тажиев құрылысшылардың еңбегі қаланың қарқынды дамуына және тұрғындардың жайлы өмір сүруіне тікелей ықпал ететінін атап өтті.
– Құрылысшылар күні – біз үшін ерекше мереке. Осыған орай елорданың өркендеуіне үлес қосып жүрген ірі құрылыс компанияларының өкілдерін арнайы шақырып, еңбегін бағаладық. Бүгінде Астанада жаңа тұрғын үйлер мен түрлі нысан бой көтеріп жатыр. Оның бәрі – құрылысшылардың маңдай терінің жемісі. Қазіргі таңда қалада жалпы көлемі 10 миллион шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Биыл 4,8 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Былтыр бұл көрсеткіш 4,5 миллион шаршы метр болды. Бұрын проблемалық тұрғын үй кешендері өзекті мәселе болса, қазір бұл кезең артта қалды. Ендігі негізгі мақсат – құрылыс сапасын арттыру. Жаңа Құрылыс кодексіне сәйкес сапалы әрі қауіпсіз нысандар салуға басымдық беріліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды құрылысшылар қауымы толық қолдайды, – деді Ғани Тажиев.

Шара соңында марапат иелері көрсетілген құрмет үшін алғысын білдіріп, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады. Сондай-ақ алдағы уақытта да елорданың дамуына үлес қосып, сапалы жұмысты жалғастыра беретіндерін жеткізді.
