Қалалық коммуналдық қызметтер қыс маусымы басталғалы тәулік бойы ауысымдық режимде жұмыс істеп келеді, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өткен түні коммуналдық қызмет өкілдері қала аумағынан 1 112 рейспен 13 407 текше метр қар шығарып үлгерді.
13 қараша таңертеңгі жағдай бойынша 2 916 жол жұмысшысы мен 1 266 арнайы техника бірлігі қар тазалау жұмысына тартылған.
Көктайғақтың алдын алу мақсатында жолдар мен тротуарларға техникалық тұз себілуде, бұл тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кетейік, қыс басталғалы бері елордадан 247 мың текше метрден астам қар арнайы полигондарға шығарылған. Бұл – 19 822 ауыр жүк көлігінің рейсімен тең.
Алдымен негізгі көшелер мен қоғамдық көлік бағыттары тазаланады. Одан кейін қозғалыс қарқындылығындағы орташа аумақтар – аулалар, алаңдар, тротуарлар мен аялдамалар тазартылуда.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік ережелерін сақтап, жолдар мен жаяу жүргінші жолдарында барынша мұқият болуды, сондай-ақ қолайсыз ауа райы кезінде алыс сапарға шықпауды кеңес етеді.