Астанада екі әйелдің есірткі өткізу әрекетіне тосқауыл қойылды - ВИДЕО
Астанада есірткі заттарын сақтау және әрі қарай өткізу үшін жасырын қойма ұйымдастырды деген күдікпен екі әйел ұсталдыдеп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру шаралары кезінде 35 жастағы, декреттік демалыста жүрген әйел анықталған. Полиция мәліметінше, ол 27 жастағы танысымен бірге пәтер жалдап, онда есірткі заттарын сақтап, оларды өткізу үшін өлшеп, буып-түйіп отырған.
«Әйелдер жалға алынған пәтерден курьерлерге беруге арналған алдын ала оралған заттарды бірге алып шығып бара жатқан сәтте ұсталды. Осылайша, полицейлер олардың есірткі заттарын әрі қарай таратуына жол бермеді», - делінген хабарламада.
Ұсталған әйелдердің бірінің сөмкесін тексеру барысында марихуана, гашиш майы және каннабис шайырына ұқсас заттар салынған пластик пробиркалар мен полиэтилен пакеттері тәркіленді.
Бұдан бөлек, пәтерге жүргізілген тінту кезінде 400 грамнан астам марихуана, сондай-ақ гашиш майы мен каннабис шайыры салынған құтылар, пробиркалар және пакеттер анықталды. Тәркіленген заттардың жалпы салмағы шамамен 2 келі болды.
Аталған факті бойынша адамдар тобының есірткі заттарын сақтау және өткізуіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Екі әйел де ұсталып, сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазір полиция қылмыстық істің барлық мән-жайын анықтап, аталған схемаға қатысы болуы мүмкін басқа адамдарды іздестіруде.
Полиция есірткіні заңсыз сақтау, тасымалдау және өткізу ауыр қылмыс екенін еске салды. Сондай-ақ, мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын атап өтті.
Еске салсақ, елордада жалған хабарландыру арқылы ақша иемденген алаяқ ұсталды.