Бектенов энергия жүйесінің сенімділігін арттыру жөніндегі шараларды күшейтуді тапсырды
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов тамыз айының ортасында бірқатар өңірлерде электр энергиясының өшіп қалуына байланысты елдің энергия жүйесінің сенімділігін арттыру үшін шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«14 тамыз күні болған жағдайға қатысты тексеріс не көрсетті және алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу үшін қандай шаралар қабылдап жатырсыздар?», деп атап өтті Олжас Бектенов.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов министрлік жаңа генерациялау нысандарын, оның ішінде Алматы қаласында ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті және Түркістан облысында қуаттылығы 1 мың МВт болатын жаңа ПМУ-ді іске қосу аяқталып жатқанын баяндады. Сонымен бір мезгілде электр желісі шаруашылығы да күшейтілуде, мәселен энергожүйенің оңтүстік аймағының сенімділігін арттыруға бағытталған 500 кВ-тық «Шу-Жамбыл-Шымкент» электр беру желісінің жобасы жүзеге асырылуда. Жұмыстарды аяқтау 2027 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.
Бұдан басқа, технологиялық ақауларды тергеу қорытындылары бойынша мұндай жағдайлардың қайталануын болдырмау үшін қосымша ұйымдастыру іс-шаралары әзірленетін болады, олардың ішінде релелік қорғаныс пен жүйелік автоматиканы кезектен тыс тексеру және баптау қажеттігі туралы талаптар бар.
«Бұл стратегиялық маңызы бар бағыт, сондықтан жұмыстарды күшейту керек», - деп атап өтті Премьер-министр.
Еске сала кетейік, биыл электр станцияларын, электр және жылу желілерін жөндеуге 384 млрд теңге бөлінді.