Елордада жалған хабарландыру арқылы ақша иемденген алаяқ ұсталды
Астана қаласының полицейлері интернет-алаяқтық дерегін ашып, азаматтың сеніміне кіріп, қомақты қаржысын иемденген күдіктіні анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, 21 жастағы елорда тұрғыны интернет-платформалардың бірінде Canon маркалы кәсіби фотоаппаратты жалға беремін деген жалған хабарландыру жариялаған. Хабарландыруға сенген жәбірленуші жалға алу үшін алдын ала төлем жасаған.
Алайда күдікті ақшаны алғаннан кейін уәде еткен фотоаппаратты бермей, түрлі сылтаумен уақыт созып, кейін байланысын үзген. Нәтижесінде жәбірленушіге 850 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген. Дәл осындай іске қатысты 7 эпизод бар екені анықталды.
«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, ұстады. Ол өз кінәсін мойындады.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», - делінген хабарламада.
Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарға интернет арқылы тауарды жалға алу немесе сатып алу кезінде аса мұқият болуды ескертеді. Әсіресе алдын ала толық төлем жасаудан сақтанып, сатушының немесе қызмет көрсетушінің жеке басын, пікірлерін және байланыс деректерін міндетті түрде тексерген жөн.
Еске сала кетейік, Астанада танысының көлігін рұқсатсыз сатып жіберген азамат ұсталды.