Жұлдыз Сүлейменова жас педагогтермен кездесті

25 тамыз, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жұлдыз Сүлейменова жас педагогтермен кездесті
фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова НЗМ Педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған «STEM. AI. Innovation» халықаралық коннектіне қатысушылармен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап. 

Алаңға Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Қытай, Қырғызстан және Өзбекстаннан 300-ге жуық жас педагог жиналды.

Кездесу барысында мұғалімдер жаңа оқу жылында білім беру саласына енгізілетін өзгерістер мен жаңашылдықтар, оқу үдерісінде STEM тәсілдері мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану, сондай-ақ кәсіби даму мәселелері бойынша сұрақтар қойды. Министр жас ұстаздардың сұрақтарына жауап беріп, олардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру жүйесін жаңғырту және цифрландыру жөніндегі тапсырмаларына тоқталған министр жас педагогтердің үздіксіз ізденуі, жаңа технологияларды меңгеруі және тәжірибе алмасуы білім сапасын арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Жас педагогтер жасанды интеллект құралдары мен заманауи білім беру модельдерін сабақта қолданудың тиімді жолдарын талқылап, қазақстандық және халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасты.

Еске салайық, бұған дейін елімізде оқу бағдарламалары жаңа Конституция нормалары бойынша қайта қаралатыны туралы жаздық.