Таразда 79 мектепте ЖИ қолданылатын «Aimap Kids» жобасы іске асырылады
Таразда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жасанды интеллект технологияларына негізделген «Aimap Kids» жобасы іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда жоба қаладағы 79 мектепті қамтиды.
Жобаның негізгі міндеті – деструктивті контенттің таралуын уақтылы анықтау, ықтимал тәуекел топтары мен жағымсыз үгіт-насихат көздерін айқындау, сондай-ақ атаулы профилактикалық шаралар қабылдау.
«Жүйе интернет кеңістігіндегі ашық деректерді суицидтік көріністер мен депрессиялық жағдайлар, лудомания, сексуалдық ауытқулар, зиянды заттарды қолдану және зорлық-зомбылық сияқты негізгі тәуекел бағыттары бойынша талдайды», - делінген хабарламада.
Алынған деректер негізінде деструктивті контенттің таралуының негізгі үрдістерін, оның көздерін және аталған контенттің ықпалына неғұрлым бейім пайдаланушылар санаттарын анықтауға мүмкіндік беретін талдамалық материалдар қалыптастырылады.
Алынған нәтижелер профилактика субъектілері - прокуратура, полиция және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар тарапынан атаулы профилактикалық жұмысты ұйымдастыру үшін пайдаланылады.
Пилоттық жобаны 2026 жылдың соңына дейін іске асыру жоспарланған. Жоба қорытындысы бойынша қабылданған профилактикалық шаралардың тиімділігі бағаланып, кәмелетке толмағандар үшін қауіпсіз ақпараттық ортаны қамтамасыз етуге бағытталған цифрлық құралдарды одан әрі дамыту және ауқымын кеңейту мүмкіндіктері айқындалатын болады.
Еске салайық, бұдан бұрын Астанада кәмелетке толмағандардың интернет қауіпсіздігі мәселелері талқыланып, SIM KIDS жобасы таныстырылғаны туралы жаздық.