АҚШ-қа Қазақстанның тікелей әуе рейсін орындау дайындығын бағалайтын авиаинспекция елге күзде келеді
Қазақстанның АҚШ-пен тікелей әуе қатынасын ашуға қажетті мәртебе алу рәсімі аясында қыркүйекте FAA IASA сарапшылары елге сапармен келеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің басшысы Майкл Дэниел мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметке сілтеме жасап.
FAA IASA мамандары ұлттық заңнама мен қадағалау тәжірибесінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін бағалайды. Осыған байланысты Азаматтық авиация комитеті ішкі бақылауды күшейтті. Ведомствоның қадағалауында 104 эксплуатант, 973 әуе кемесі және 25 сертификатталған әуежай бар.
Былтыр және биылғы бірінші тоқсанда 1,2 мыңнан астам тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы 7 авиакомпанияның, 4 оқу орталығының және 2 сервистік ұйымның қызметі уақытша тоқтатылды немесе толықтай тоқтатылды.
Сонымен қатар «Best Airport Service» жобасы аясында жолаушыларға қызмет көрсету сапасына аудит жүргізіліп жатыр. Биыл Қарағанды, Семей және Қызылорда әуежайлары алты айлық жаңғырту бағдарламасынан өтеді.
«Негізгі мақсатымыз – 2026 жылдың қарашасында FAA CAT 1 мәртебесін алу. Бұл жобаны сәтті жүзеге асыру үшін ҚАӘ тұрақты қадағалау мен бақылауды қамтамасыз етуі, инспекторлардың кәсіби деңгейін сақтауы және енгізілген халықаралық стандарттарды одан әрі жүзеге асыруы қажет. Аталған шаралар Қазақстанға ИКАО стандарттары мен ұсынылатын практикасына, сондай-ақ FAA талаптарына сәйкес ұшу қауіпсіздігін мемлекеттік бақылау және қадағалаудың тиімді жүйесін қолдауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Майкл Дэниел.

Еске сала кетсек, 2027 Астанадан АҚШ-қа тікелей әуе рейсі ашылады.