Шымкентте заңсыз әлеуметтік төлемдер бойынша қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлады Elordainfo.kz қалалық прокуратуға сілтеме жасап.
Құзырлы органның мәліметінше, әлеуметтік төлемдердің тағайындалу заңдылығына жүргізген талдау нәтижесінде У. есімді азаматшаның заңсыз іс-әрекеті әшкерленген.
«Талдау барысында аталған азаматша жеке кәсіпкерлердің электрондық цифрлық қолтаңба кілттерін пайдаланып, аяғы ауыр әйелдерді кәсіпорындарға жалған жұмысқа орналастырғаны анықталды.
Әрі қарай ол аяғы ауыр әйелдердің атына заңсыз түрде әлеуметтік төлемдерді рәсімдеп, белгіленген қаражатты өз қажеттілігіне жұмсаған.
Заңсыз іс-әрекеттің салдарынан мемлекетке 217 млн теңге көлемінде шығын келтірілген», - делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркеліп, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне әрі қарай тергеп-тексеру үшін жолданған.
Қазіргі уақытта істің мән-жайын толық анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.