Жаңа Конституция ғылымның еркін дамуына тың серпін береді – Бейбіт Әбдікенов
«Жаңа конституциялық кезең: әлеуметтік-құқықтық дамудың жаңа бағдарлары» тақырыбындағы «Sarap» сарапшылық клубының отырысында Astana IT University Жасанды интеллект және ғылыми-инновациялық технологиялар орталығының директоры Бейбіт Әбдікенов жаңа Конституцияда ғылым, білім және инновация салаларының маңызы артып, ғылыми ізденіс пен академиялық еркіндікке жаңа мүмкіндіктер ашылатынын айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бейбіт Әбдікенов жаңа Конституцияда ғылым, білім және инновация бағыттарының стратегиялық маңызға ие болуы елдің ғылыми әлеуетін дамытуға серпін беретінін атап өтті.
Оның айтуынша, ғылымның дамуы үшін зерттеушілерге еркін ойлау, жаңа идеяларды сынау және тәжірибе жасау мүмкіндігі берілуі қажет.
«Ғылымда қателесу құқығы болуы керек. Себебі кез келген зерттеу бірден нақты нәтижеге алып келмейді. Кей жағдайда теріс нәтиженің өзі ғылым үшін маңызды жаңалыққа айналады. Көптеген ғылыми жаңалықтар дәл осындай ізденістер мен тәжірибелер арқылы пайда болды», – деді Бейбіт Әбдікенов.
Сарапшы ғылыми зерттеулерді тек алдын ала белгіленген жоспарлармен шектеу академиялық еркіндікке әсер етуі мүмкін екенін айтты.
«Егер ғалым тек бірнеше жыл бұрын бекітілген көрсеткіштерге жетуге ғана бағытталса, жаңа идеяларды зерттеу мен тың бағыттарды дамыту қиындайды. Сондықтан ғылым саласында шығармашылық ізденіске, еркін ойлауға және академиялық дербестікке жағдай жасау маңызды», – деді ол.
Бейбіт Әбдікенов жаңа Конституцияда ғылым мен инновацияға берілген басымдық ғылыми ортаның жауапкершілігін де арттыратынын атап өтті.
«Ғылымның конституциялық деңгейде бекітілуі – мемлекет үшін маңызды сигнал. Бұл отандық ғалымдарға қолдау көрсетудің тұрақты бағытын қалыптастырып, ғылыми зерттеулердің қоғам мен экономика дамуына ықпалын күшейтеді», – деді орталық директоры.
Сонымен қатар сарапшы мемлекеттік шешімдер мен стратегиялық құжаттарды әзірлеу кезінде ғылыми зерттеулер мен сараптамалық талдауларға көбірек сүйену қажет екенін айтты.
«Алдағы уақытта маңызды шешімдер ғылыми негізге сүйенуі керек. Экономика, технология, өндіріс және басқа да салаларда жұмыс істейтін ғылыми институттардың ұсыныстары мемлекеттік саясатты қалыптастыру барысында ескерілуі маңызды», – деді ол.
Оның пікірінше, заңнамалық нормалар мен мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуде халықаралық тәжірибемен қатар, отандық ғылыми қауымдастықтың әлеуетін пайдалану қажет.
«Егер ғылым мен инновацияның дамуы Конституцияда бекітілсе, бұл бағыт барлық мемлекеттік органдар үшін негізгі бағдарға айналуы тиіс. Бұл Қазақстанның ғылыми және технологиялық дамуына берік негіз қалыптастырады», – деп түйіндеді Бейбіт Әбдікенов.