Астанада интеллектуалды есептеу құралдарының өндірісі артады

12 желтоқсан, 2025
Гүлден Мәдениет Гүлден Мәдениет
Астанада интеллектуалды есептеу құралдарының өндірісі артады
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жаннат Дүбірова «Казцентр ЖКХ» АҚ өкілдерімен бірге Астана қаласындағы ASTEL компаниясының өндірістік алаңына барды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Делегация ArnaSmart брендімен интеллектуалды есептеу құралдарын құрастыратын және жабдықтайтын өндіріс орнын аралап көрді.Қолданыстағы өндіріс орны SMD-монтажжелілерімен, қолмен құрастыру алаңдарымен және жасақтау және сынақтан өткізуге арналған автоматтандырылған қондырғылармен жабдықталған. Нысанның қазіргі қуаты айына 30 мың құрылғыға дейін жетеді, ал Астанадағы жаңа ArnaSmart зауытының іске қосылуымен өндіріс көлемі айына 80 мың құрылғыға дейін артады деп болжанып отыр.

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жылу, электр энергиясы, газ және сумен жабдықтауға арналған заманауи есептеу құралдарын дамыту мен енгізуге ерекше назар аударылатынын атап өтті. «Есептеу жүйелерін жетілдіру ресурстарды тұтынуды дәлірек бақылауды қамтамасыз етіп, есеп айырысудың ашықтығын арттырады және технологиялық шығындарды төмендейтіндіктен басым бағыт», – деп атап өтті Жәннат Дүбірова.

Вице-министрдің айтуынша, ақылды есептегіштер мен цифрлық шешімдерді пайдалану коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуға және сайып келгенде, халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал етеді.

ASTEL басшылығы коммуналдық секторды цифрландыру жобаларына белсенді қатысуға дайын екенін жеткізді. Өнімнің барлығы отандық R&D командасы тарапынан толық циклде әзірленеді, бұл ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкестік пен жоғары сапаны қамтамасыз етеді.

Сапар қорытындысы бойынша, компанияның өндірістік әлеуеті тұрғын үй-коммуналдық саладағы тиімділікті арттыруға және технологиялық дамуды қамтамасыз етуге бағытталған салалық цифрлық жобалар мен ұлттық бастамаларды іске асыру үшін берік негіз болатыны айтылды.