Түркістанда полиция қызметкері қаза тапты: Облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты мәліметтерді жариялады
2 шілдеда Түркістан қаласында қызметтік міндетін атқару барысында қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Бауыржан Қонысбеков қаза тапты. Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі қайғылы оқиғаға қатысты мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Қазіргі мәліметтерге сәйкес, патрульдік полиция экипажы жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып өз әрекетімен жол қозғалысының өзге де қатысушысына қауіп төндірген жеңіл автокөлік жүргізушісін тоқтатпақ болған.
Алайда Б.Саттарханов даңғылы мен Тараз көшесінің қиылысында патрульдік полицияның «Chevrolet Cobalt» қызметтік көлігіндегі полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков жол-көлік оқиғасына ұшырады. Ол апат кезінде алған ауыр жарақатынан оқиға орнында көз жұмды», делінген хабарламада.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалы жүргізіліп жатыр. Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.
Еске салсақ, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов қаза тапқан полиция капитанының туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.