Таяу Шығыс елдерінен 851 адам Қазақстанға жеткізілді
4 наурыздан 5 наурызға қараған түні Қазақстанға Air Astana және Flydubai әуе компаниялары 5 рейс жасады. Осы рейстермен елге 851 жолаушы жеткізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
«5 наурыз күні Қазақстанға жолаушыларды алып келу үшін қазақстандық және шетелдік әуе компаниялар тағы бірнеше рейс орындайды. Air Astana әуе компаниясы Жидда – Ақтау – Алматы және Жидда – Атырау – Алматы бағыттары бойынша екі рейс орындауды жоспарлап отыр. SCAT Airlines әуе компаниясымен Маскат – Алматы бағыты бойынша 2 рейс орындалады», - деп жазылған хабарламада.
Air Arabia әуе компаниясы Шарджа – Алматы бағыты бойынша рейс орындауда. Тәуліктің соңына дейін осы бағытта тағы бір рейс жоспарланған.
Flydubai әуе компаниясы Дубай қаласынан Алматы және Астана қалаларына рейстер жасауды жоспарлап отыр (жолаушылар саны нақтылануда).
3 наурыздан бастап Таяу Шығыс елдерінен Қазақстан Республикасына барлығы 12 рейс ұшып келді, нәтижесінде 2111 жолаушы елге оралды.
Бүгінгі күнмен қосқанда Таяу Шығыс елдерінен Қазақстанға шамамен 4000 азамат жеткізіледі.
Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстары уәкілетті мемлекеттік органдар мен әуе компанияларының бірлескен жұмысы аясында жалғасып жатыр.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясы Тақ мұрагерімен Таяу Шығыстағы ахуалды талқылағанын жаздық.