Студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы ең төменгі деңгейге жетті – Саясат Нұрбек
Субсидиялау тетігін енгізу және қарқынды құрылыс еліміздегі студенттік баспана тапшылығы мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік берді. Бұл туралы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, 2022 жылы республикада орын тапшылығы 82 мың төсек-орыннан асқан болатын. Бүгінгі таңда жүргізілген жүйелі жұмыстар нәтижесінде барлық өңірлерде, соның ішінде Астанада бұл тапшылық толығымен жабылды. Тек Алматы мегаполисінде бұл мәселе әлі шешімін тапқан жоқ.
«Жатақханалар бойынша өте үлкен жұмыс атқардық. Біз барлық қалаларда, тіпті Астанада да тапшылықты жаптық. Тек бір қалада – Алматыда 5 176 төсек-орын тапшылығы қалды. Осы жылдың соңына дейін біз 10 мың төсек-орын болатын 20-ға жуық жатақхананы пайдалануға береміз», - деп атап өтті министр.
Министр қаржыландыру мемлекеттік және жергілікті бюджеттерден, сондай-ақ жеке капиталды тарту есебінен жүргізілгенін атап өтті. Соңғы 5 жылда инвесторлар жыл сайын шамамен 6-7 мың орынды жапқан. Сондай-ақ министрлік өз тарапынан жоғары оқу орындарына студенттердің кемінде 80%-ын тұрғын үймен қамтамасыз ету талабын қойып, стандарттарды қайта қарап бекітті.
Шұғыл шара ретінде елімізде төртінші жыл қатарынан студенттерді бөлуді үйлестіретін және күрделі жағдайға тап болғандар үшін резервтік бөлмелер ұсынатын ситуациялық және дағдарыстық орталықтар жұмыс істейді.
Еске сала кетейік, Үкімет алдағы оқу жылына 89 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлді.