Сенат «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасын мақұлдады
Жаңа Заңды қабылдау құқық бұзушылық профилактикасы субъектілерінің өзара іс-қимылы мен үйлестіруінің теңгерімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қылмыс деңгейін төмендетуге, қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға, сондай-ақ тұрақты әлеуметтік ортаны қалыптастыруға ықпал етеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Заң шеңберінде қолданыстағы бес заңнамалық актіні біріктіру көзделген, бұл құқық бұзушылықтың алдын алудың бірыңғай әрі тиімді тетігін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Азаматтар үшін бұл қоғамдық қауіпсіздік деңгейінің артуын, сондай-ақ құқықбұзушылық профилактикасына қоғамның қатысу мүмкіндіктерінің кеңеюін білдіреді.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі — полицияның қоғамдық көмекшілерінің құқықтары мен міндеттерін кеңейту. Олар құқықтық насихат жүргізуге, оқу орындарында және жекелеген азаматтармен профилактикалық жұмысқа қатысуға, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіруге жәрдемдесуге, сондай-ақ полиция қызметкерлері келгенге дейін оқиға орындарын күзетуге қатыса алады.
Жалпы алғанда, құқық бұзушылық профилактикасы жүйесі қайта қаралып, тәуекелдерді ерте анықтауға және құқыққа қайшы мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған жалпы, жеке және арнайы алдын алу шараларын қамтиды.
Заң жобасында құқық бұзушылыққа бейім адамдармен нысаналы жұмыс жүргізуге бағытталған жаңа әдістер көзделген. Мемлекеттік органдардың құзыреттері нақты айқындалып, ведомствоаралық үйлестіру тетіктері күшейтілген, сондай-ақ жеке профилактиканың жаңа құралдары енгізілген.
Қажетті заңнамалық рәсімдер аяқталғаннан кейін аталған заң Мемлекет басшысына қол қоюға ұсынылады.
Бұған дейін Сенат балаларды заңсыз контенттен қорғауға бағытталған заңды мақұлдаған болатын.