Семсерлесуден Азия чемпионы Ирина Бакалдина: Қазақстанға көшіп келгенімде спорттық мансабымды аяқтаймын деп ойлағанмын
Қазақстан құрамасының сапында алғашқы маусымын өткізіп жатқан семсерлесуші Ирина Бакалдина Үндістанда өткен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Ол Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанға қоныс аударуы, ұлттық құрамаға қосылуы, Олимпиада жүлдегерін жеңген жартылай финал және болашақтағы басты мақсаттары жайында кеңінен әңгімеледі.
- Азия чемпионатындағы жарқын жеңісіңізбен құттықтаймыз! Турнир басталмай тұрып-ақ чемпион атануды мақсат еттіңіз бе? Жеңіске жеткен сәтте қандай сезімде болдыңыз?
- Әрине, әрбір ірі жарысқа спортшы өз мүмкіндігін барынша көрсету мақсатымен шығады. Біз әрдайым жарысқа аса жауапкершілікпен дайындалып, әр турнирге ең үздік спорттық бабымызда келуге тырысамыз. Сондықтан басты мақсатым – өз мүмкіндігімді толық көрсету және ең жоғары орындар үшін күресу болды. Бірақ семсерлесуде тек алтын медаль туралы ойлауға болмайды. Әрбір жекпе-жекте жеңіске жету маңызды.
Финалдық кездесу аяқталған сәтте ерекше қуаныш пен зор жеңілдік сезімін бастан өткердім. Сол кезде ғана барлық еңбектің зая кетпегенін түсіндім. Бұл жеңіс мен үшін ерекше құнды, өйткені бұл - Қазақстан құрамасы сапындағы Азия чемпионы ретіндегі алғашқы атағым. Қазақстанның атынан халықаралық аренада өнер көрсетуге мүмкіндік берген Қазақстан семсерлесу федерациясына және турнир бойы қолдау білдірген барлық жанкүйерге шын жүректен алғыс білдіремін.

- Азия чемпионатындағы ең қиын сәт қандай болды? Есте ерекше қалған жекпе-жек қайсы және неге?
- Ең қиыны – жарыс күні бойы барынша жоғары деңгейдегі қарқынымды сақтап қалу болды. Азия чемпионатында бәсекелестік өте жоғары. Мұнда кездейсоқ қарсыластар болмайды. Әрбір кездесу толықтай күш-жігерді талап етеді.
Ең есте қалған жекпе-жек туралы айтатын болсам, сөзсіз, бұл әлемнің ең мықты семсерлесушісінің бірі – Оңтүстік Корея өкілі Сон Сераға қарсы өткен жартылай финал болды. Ол әлемнің екі дүркін чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері және Азияның қазіргі чемпионы еді.
Жуырда ғана Астанада өткен Әлем кубогы кезеңінде біз кездесіп, мен небәрі бір ұпай айырмасымен жеңілген болатынмын. Сондықтан бұл кездесу мен үшін ерекше маңызды болды. Мен тек финалға шығуды ғана емес, әлемнің үздік спортшысына есе қайтаруды да қаладым. Жекпе-жек өте тартысты әрі тактикалық тұрғыдан қызықты өтті. Өз жоспарымды жүзеге асырып, жеңіске жеткеніме қуаныштымын (15:7 есебімен жеңді).
Әрине, финалдық кездесу де ерекше. Финалдың атмосферасы, жауапкершілігі мен эмоциялық салмағы мүлде бөлек болады. Дәл осындай кездесуде алтын жүлденің тағдыры шешіліп, спортшының жадында өмір бойына сақталады.
- Ресейде дүниеге келгеніңізді білеміз. Қазақстан атынан қашаннан бері өнер көрсетіп жүрсіз? Ел ішіндегі қандай жарыстарға қатыстыңыз? Қазақстанға көшкеннен кейін бейімделу қалай өтті? Қиындықтар болды ма?
- Иә, мен Ресейдің Самара қаласында дүниеге келіп, сонда өстім. 2025 жылы тұрмысқа шығып, жолдасымның туған жері – Қазақстанның Орал қаласына қоныс аудардық. Шынымды айтсам, сол кезде кәсіби спорттағы мансабымды аяқтау туралы ойланып жүрген едім. Отбасыма көбірек уақыт бөліп, жинаған тәжірибемді балаларға үйретіп, мүмкін болса семсерлесу секциясын ашқым келді. Алайда жолдасым менің спортшы ретіндегі әлеуетіме жоғары сенім білдірді. Ол мансапты аяқтауға асықпай, алдымен Қазақстандағы жарыстарда бағымды сынап көруді ұсынды. Біз бірнеше жарысқа қатысып, содан кейін ғана түпкілікті шешім қабылдауға келістік.
Алғашқы халықаралық жарысым Қазақстанда алғаш рет өткен Астанадағы Әлем кубогының кезеңі болды. Кейін Қазақстан чемпионатына қатысып, күміс жүлдеге ие болдым. Осыдан кейін ұлттық құрамаға шақырту алып, спорттық мансабымның жаңа кезеңі басталды.
Бейімделу процесі айтарлықтай қиын болған жоқ. Әрине, басқа елге көшіп, Қазақстан атынан өнер көрсету өмірімдегі жаңа белес болды. Бірақ уақыт өте келе бәріне үйреніп, жаттығу мен жарыс процесіне толықтай бейімделдім. Бүгінде Қазақстанның атынан халықаралық аренада өнер көрсетіп, алғашқы маусымның өзінде ел қоржынына Азия чемпионатының алтын медалін салғаныма өте қуаныштымын.
- Қазақстанның атынан халықаралық жарыстарда өнер көрсету сіз үшін күтпеген жағдай болды ма? Бұған дейін қазақстандық семсерлесушілермен таныс па едіңіз? Қазақстанда және ұлттық құрамада сізді не таңғалдырды?
- Шынымды айтсам, бір жыл бұрын Қазақстанның атынан халықаралық жарыстарда өнер көрсетемін деп мүлде ойламадым. Барлығы өмірімдегі жағдайдың әсерінен күтпеген жерден жүзеге асты. Бірақ қазір бәрінің дәл осылай өрбігеніне өте қуаныштымын.
Қазақстандық спортшылардың көпшілігімен бұрыннан таныс едім. Біз халықаралық жарыстарда жиі кездесіп жүрдік, сондықтан оларды мықты әрі лайықты қарсылас ретінде жақсы білетінмін.
Қазақстанда мені ең алдымен спортқа деген ерекше құрмет пен қолдау таңғалдырды. Әсіресе семсерлесудің қарқынды дамып келе жатқаны қуантады: жаңа турнирлер ұйымдастырылып жатыр, спортшылардың деңгейі өсуде, ал Астанада Әлем кубогы кезеңінің өткізілуі біздің спорт түріміз үшін маңызды оқиға болды. Осындай үдерістің бір бөлігі болып, қазақстандық семсерлесудің дамуына үлес қосып жүргеніме қуаныштымын.
- Семсерлесумен қай жастан айналысасыз? Ресейде қандай жетістіктерге жеттіңіз?
- Мен семсерлесумен 11 жасымнан бері айналысамын. Осы уақыт ішінде спорт менің кәсібім ғана емес, өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды.
Ресей құрамында өнер көрсете жүріп, балалар жарыстарынан бастап халықаралық деңгейге дейінгі барлық сатыдан өттім. Ресей ұлттық құрамасының мүшесі болдым, бірнеше рет бүкілресейлік және халықаралық жарыстардың жеңімпазы әрі жүлдегері атандым. Ресей чемпионы, Еуропа біріншілігінің чемпионы атандым. Сондай-ақ әлем біріншілігінің күміс және қола жүлделерін иелендім. Осы тәжірибенің барлығы спортшы ретінде қалыптасуыма зор ықпал етті.
Мансабымның әр кезеңі өзінше маңызды болды. Бүгінде сол жинаған тәжірибем Қазақстан атынан өнер көрсете отырып, жаңа мақсаттар қоюыма және спортшы ретінде одан әрі дамуыма көмектесіп келеді.
- Қазақстандық семсерлесушілердің деңгейіне қандай баға бересіз? Жаттығу жүйесі мен спортшыларға көрсетілетін қолдау қалай ұйымдастырылған?
- Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен уақыт ішінде спортшыларды даярлау жүйесімен жақсы танысуға мүмкіндік алдым. Қазақстандық семсерлесушілердің деңгейі өте жоғары деп айта аламын.
Елімізде бүгінде халықаралық аренада табысты өнер көрсетіп жүрген талантты спортшылар бар. Сонымен қатар жас буынның да болашағы зор.
Жаттығу процесі жақсы ұйымдастырылған. Ұлттық құрама тұрақты түрде оқу-жаттығу жиындарын өткізеді, спортшылар халықаралық жарыстарға қатысып, қажетті тәжірибе жинақтауға мүмкіндік алады. Бұл - жоғары нәтижеге жетудің маңызды факторы.
Қазақстан семсерлесуінің болашағы зор екеніне сенімдімін. Соңғы жетістіктер ұлттық құраманың дұрыс бағытта дамып келе жатқанын және ең беделді халықаралық жарыстарда жоғары орындар үшін күресе алатынын көрсетіп отыр.

- Сіздің ойыңызша, спортшы ретіндегі ең басты артықшылығыңыз қандай?
- Менің ең басты артықшылығымның бірі – тәжірибе деп ойлаймын. Жылдар бойы әлемнің ең үздік спортшыларымен күш сынасып келемін. Сол тәжірибе ең жауапты сәттерде де сабыр сақтауға көмектеседі.
Тағы бір маңызды қасиетім – соңғы ұпайға дейін күресе білу. Семсерлесуде жекпе-жек соңғы белгі берілгенге дейін аяқталмайды. Сондықтан ешқашан берілмеймін және кездесудің барысын өз пайдама өзгертуге әрдайым мүмкіндік іздеймін.
Әрине, тәртіптің де маңызы зор. Жаттығу процесін жақсы көремін. Әр жарыстан кейін өз өнерімді талдап, бұрынғыдан да мықты болуға ұмтыламын.
- Сіз Азия чемпионы атандыңыз. Ендігі мақсаттыңыз бен жоспарыңыз қандай?
- Азия чемпионатындағы жеңіс – спорттық мансабымдағы өте маңызды кезең. Бірақ мен оны соңғы мақсат емес, алға ұмтылуға жігер беретін үлкен серпін деп қабылдаймын.
Қазір бар назарым мен дайындық жұмыстарым шілде айының 22-30 шілде аралығында Гонконгта өтетін әлем чемпионатына бағытталған. Одан кейін Жапонияда өтетін Азия ойындарына және келесі халықаралық жарыстарға дайындық жалғасады.
Шынымды айтсам, мен жарыстарды негізгі немесе қосалқы деп бөлмеймін. Мен үшін әрбір турнир маңызды. Әр жарыста бар мүмкіндігімді толық көрсетіп, ең жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін бар күшімді салуға тырысамын.
- Сұхбатыңызға рахмет!